Жұмыссыз павлодарлықтар үшін қандай мүмкіндіктер бар?
Бұл туралы дәстүрлі бос орындар жәрмеңкесінде айтылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодардағы мансап орталығының мамандары жұмыс іздеуге ең тиімді күндерді атады. Ол – бейсенбі мен жұма.
Мекеме қызметкерлерінің айтуынша, дәл осы күндері ай сайын бос жұмыс орындары жәрмеңкелері ұйымдастырылады.
Кезекті дәстүрлі жәрмеңкеге 10-нан астам кәсіпорын шақырылған, олар шамамен 150 бос жұмыс орнын ұсынады. Іс-шараға 200-ден астам жұмыс іздеуші павлодарлық қатысады деп жоспарланған. Олардың қатарында пробация есебінде тұрған азаматтар мен жазасын өтеп шыққандар да бар.
30 жастағы Александр Стёпин полипропилен өндіретін зауытта алты жыл жұмыс істеген. Қысқартуға ұшырап, енді лайықты жалақысы бар жаңа жұмыс іздеуде.
– Зауытта өнімді қаптаушы болып жұмыс істедім. Жалақым 300 мың теңге шамасында болды. Қазір де осы салада жұмыс іздеп жүрмін. Маған ең бастысы – лайықты жалақы, қауіпсіз еңбек жағдайы және әлеуметтік пакет, – дейді Александр.

Кенжекөл тұрғыны Сәуле Абжатова ұзақ емделуден кейін жұмысынан айырылған. Қазір ауруханалық демалысы аяқталып, қайтадан еңбекке араласуға дайын.
– Бұрын жергілікті дүкенде тауар ораушы болып жұмыс істедім. Осы тектес жұмыс іздеп жүрмін. Маған ең кемі 180 мың теңге көлеміндегі жалақы қажет. Көп жерде ең төменгі жалақы ұсынылады, бірақ бұл үш баласы бар отбасын асырауға жетпейді, – дейді Сәуле.
Павлодар қалалық мансап орталығының ізденушілермен жұмыс бөлімінің сектор меңгерушісі Айгерім Бүркітбаева жәрмеңкелерге деген қызығушылық тұрақты екенін айтады.
– Жәрмеңкеге қатысатындар қатарында ірі өнеркәсіптік кәсіпорындар, құрылыс компаниялары, агроөнеркәсіптік кешен мен көлік фирмалары бар. Біз жұмыс берушілер мен ізденушілер арасындағы байланысты қамтамасыз етеміз. Коммуникация арналарының барлық түрін қолданамыз: қоңыраулар, электрондық хаттар. Әр жәрмеңкеге кемінде 10 компания қатысады. Бұл өте ыңғайлы: павлодарлықтар кәсіпорынға баруға уақыт жоғалтпайды, мұнда тікелей байланыс орнайды. Жәрмеңкеден бөлек, тұрғындар кез келген күні бізге келе алады. Біз күніне 200-ден астам адамды қабылдаймыз, – дейді Айгерім Бүркітбаева.
Павлодардың №1 автобус паркіне үш айдан бері еңбек қауіпсіздігі инженері қажет.
– Бізге кәсіби маман керек. Әдетте мұндай деңгейдегі мамандар 800 мың теңгеден жоғары жалақы сұрайды. Бізде ондай мүмкіндік жоқ, бірақ лайықты жалақы ұсынамыз. Қазірше қызметтерді біріктіру арқылы жұмыс істеп жатырмыз. Жақында қауіпсіздік қызметінің басшысы лауазымы босайды. Сондай-ақ жолаушылар автобусының жүргізушілері қажет, шамамен – 10 адам. Олардың жалақысы тарифтік ставкаларға байланысты 400 мың теңгеге дейін жетеді. Бізде кадр іздеу маусымдық сипатқа ие, – дейді кадр бөлімінің басшысы Гүлмира Тәңірбергенова.
Металл құбырларын өндіретін металлургиялық кәсіпорында фрезеровщиктен бастап қоймашыға дейінгі мамандар қажет.
– Бізге станокшылар, токарьлар, сандық басқару станогының операторлары, электромонтерлер, электргазбен дәнекерлеушілер керек. Тәжірибесі жоқ ізденушілерді де қабылдауға дайынбыз, оқытамыз. Кейбір мамандықтар арнайы білімді талап етпейді. Мысалы, жүк ілушілер, металл бетінің ақауларын өңдеушілер керек. Әйелдер үшін техникалық бақылау бөлімінің бақылаушылары, сорғы қондырғыларының машинистері, қоймашы мамандықтарын ұсынамыз. Таңдау көп, бастысы – ниет болу керек, – дейді кадрларды жоспарлау бөлімінің басшысы Евгения Ковган.
Мансап орталығының мәліметінше, Павлодарда жұмыссыз ретінде тіркелгендер саны алты мыңнан асады. Жәрмеңке нәтижесінде жұмысқа орналасатындар үлесі орта есеппен 2–10% аралығында.