Жақсылық жасаудан жалықпаған: Павлодарлық волонтер 180 игі іске ұйытқы болды
Адамдарға қол ұшын созу, мұқтаж жанның жанынан табылу және айналасына жақсылық сыйлау – нағыз адамгершіліктің белгісі. Павлодар ауданында осындай игі істердің басы-қасында жүрген жандардың бірі – Ольга Киселева. Ол бірнеше жылдан бері волонтерлік қозғалысты дамытып, ауыл тұрғындарын қайырымдылық пен өзара көмекке үндеп келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Ольга Сергеевна волонтерлік қызметін 2018 жылы Павлодар ауданына қоныс аударғаннан кейін бастаған. Сол жылы өзі секілді елге пайдасын тигізуді мақсат еткен өзгеде жүрегі жұмсақ, жанашыр тұрғындармен бірігіп «Добрячки» волонтерлік тобын құрды. Содан бері еріктілер талай игі істің басынан табылып, көмекке мұқтаж жандарға қолдау көрсетіп келеді.
Бүгінде «Добрячки» тобының қызметі бірнеше бағытты қамтиды. Еріктілер ең алдымен жалғыз тұратын зейнеткерлерге, мүгедектігі бар адамдарға және түрлі себептермен қиын жағдайға тап болған отбасыларға көмек қолын созады.
Еріктілер көбіне жалғыз басты қарттардың үйінің аумағын қоқыстан тазаласа, енді бірде қысқа дайындық жұмыстарына қолғабыс етеді. Отын жарып, жинайды, көмір түсіруге көмектеседі, қыста қар күрейді. Қажет болған жағдайда шағын жөндеу жұмыстарын да атқарады.
Еріктілердің қайырымдылық жұмыстарының арасында көпшіліктің бірлескен күш-жігерін қажет ететін ауқымды істер де бар. Мәселен, биыл олар төрт баланы жалғыз тәрбиелеп отырған әкеге көмек көрсетті. Волонтерлер үйдің ішкі бөлмелерін жөндеп, қабырғаларын сылап, әктеді. Терезелерді, есіктер мен есік жақтауларын бояп, үйге қажетті косметикалық жөндеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, балаларға азық-түлік пен киім-кешек алуда жәрдемдесті.
Тағы бір жағдайда еріктілер тыл еңбеккеріне қолдау білдірді. Олар қарияның үйінің сыртқы қабырғаларын ретке келтіріп, әктеп, терезе жақтауларын бояп берді.

Мұндай көмектің мәні тек атқарылған жұмыспен өлшенбейді. Ең бастысы – қиындыққа тап болған адамның жалғыз емес екенін сезінуі, жанында қол ұшын созуға дайын жандардың бар екенін білуі.
«Добрячки» волонтерлік тобы әлеуметтік көмек көрсетумен ғана шектелмейді. Олар ауылдың қоғамдық өміріне де белсенді араласып жүр. Атап айтқанда су тасқынының алдын алу жұмыстарына, сенбіліктерге, елді мекенді абаттандыру мен көгалдандыру шараларына тұрақты түрде қатысады.
Ольга Сергеевнаның жетекшілігімен «Таза Қазақстан», «Наурызнама» және басқа да қоғамдық-экологиялық бастамалар аясында түрлі акциялар ұйымдастырылады. Бұл жұмыстардың барлығы тұрғындардың туған өлкеге деген жанашырлығын арттырып, қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға үндейді.
– Мен үшін ең бастысы – жасаған көмегіміздің біреуге пайдасы тигені. Кейде адамға көп нәрсе қажет емес. Уақытында көрсетілген қолдау, жылы сөз бен қарапайым жанашырлықтың өзі үлкен демеу болады. Адамдардың алғысын есту – біз үшін ең үлкен марапат, – дейді ерікті.
Оның айтуынша, волонтерлік – тек көмек көрсету емес, сонымен бірге, адамдарды ортақ мақсатқа жұмылдыратын, жастарды мейірімділік пен жауапкершілікке тәрбиелейтін маңызды қозғалыс.
Соңғы екі жылдың ішінде Ольга Сергеевна мен оның командасы 180-ге жуық волонтерлік акция мен қайырымдылық шарасын өткізген. Әрбір игі істің артында көмекті қажет еткен адам, қолдау тапқан отбасы және шынайы ризашылық тұрады.
Фото: «Добрячки» волонтерлік тобынан.