Жаңатілек тұрғындары заманауи балабақша салуды сұрады
Аймақ басшысы Асайын Байханов Павлодар облысының сәулет және қала құрылысы басқармасына жобалауды қолға алуды тапсырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс әкімі мәселені шешудің екі жолын ұсынды: мектепке қосымша ғимарат салу немесе жеке ғимарат тұрғызу.
– Мектепті көріп шықтым, 200-ге жуық оқушы бар екен. Ауылдан жастар да кетпеген, халықты сақтап қалған. Мектепке қосымша ғимарат салатын болса, 2025 жылы жобалаймыз, 2026 жылы салуға болады. Ал егер бөлек ғимарат болса, жобалау мерзімі бір жарым жылға созылады және 27 жылы салынуы мүмкін. Қаражат жағынан айырмашылығы жоқ. Тек жобалау мерзімі, келісімі, инфақұрылым көп уақыт алады, – деді Асайын Байханов.
Дегенмен ауыл тұрғындары жеке орналасқан заманауи үлгідегі балабақша болса екен деген тілек білдірді. Жаңатілек ауылындағы 0-ден 5-ке дейін бала саны – 120.
Аймақ басшысы салалық басқармаға 110 орындық балабақшаның жобасын қарастыруды жүктеді.
Еске сала кетейік, Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов кездесуге дейін жұмыс сапарымен «Майкубен-Вест» кәсіпорнында болды. Аймақ басшысы көмір өндіруші компанияның қызметімен танысып, даму перспективалары жайлы сұрастырды. Компания 2025 жылы экспорт есебінен көмір өндіруді 2 есе арттыруды жоспарлап отыр.