Жасөспірімдер арасындағы турнир жеңімпазын павлодарлық дерби анықтады
«Спорт-сити» кешені манежінің жасыл алаңында футболдан ашық қалалық турнир аяқталды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
2010 жылы туған жасөспірімдер арасындағы жарысқа Павлодар, Екібастұз, Ақсу, Астана және Түркістан қалаларынан он команда жиналды, олардың үшеуі «Ертіс» спорт мектебінің атынан шықты. Командалар бес командадан екі топқа бөлінді.
Әр топтан бірінші орын алған екі команда финалға жолдама алу үшін таласты. Турнирдің ақтық матчында фавориттер – «Ақсу» футбол орталығы мен «Ертіс» жасөспірімдер спорт мектебінің ойыншылары кездесті. Бұл екі футбол мектебі Павлодардың ең мықтысы атағы үшін бұрыннан таласып келеді. Сондықтан бұл жолы да жасыл алаңдағы тартыс қызықты өтті. Негізгі және қосымша уақытта жеңімпаз анықталмады – 0:0, ал пенальтилер сериясында «Ақсу» ФО ойыншылары ұтты – 4:2.
Үшінші орынды Астана қаласының №8 спорт мектебі иеленді. Жалпы турнир географиясы жағынан да, жігіттердің шеберлігі жағынан да жоғары деңгейде өтті.
– Турнирдің деңгейі өте жоғары болды, барлығы жақсы өтті, – дейді «Ертіс» спорт мектебінің жаттықтырушысы Темірлан Амантай. – Түркістандық СОДЮФШ командасын алайық – олар да өте жақсы команда, бірақ сәл жолы болмады. Барлық командалар мықты болды.
Турнир жеңімпаздары күткен кубокты ұтса, жүлдегерлер медальдар, мақтау қағаздары және естелік сыйлықтарға ие болды.