Жасыбайда демалушылар Қызыл кітапқа енген өсімдікті жұлып алды

Инспекторлар тәртіп бұзушыларды таба алмады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Баянауыл ұлттық табиғи паркінің директоры Аждар Жүсіповтің хабарлауынша, Жасыбайдағы демалушылардың бірі «Ущелье ведьм» баратын соқпақпен жүріп, реликт өсімдік – папоротникті теріп алып, Баянауылдың ерекше табиғатына үлкен зиянын тигізген.
Тәртіп бұзушылар видеоға түсірілгенімен, инспекторлар оларды тауып, жазаға тарта алмады.
– Демалыс үйлері мен дәмханалардың иелері, демалушылар мен туристерге тек қырықжапырақтарды ғана емес, басқа да өсімдіктерді теруге болмайтынын ескертіңіз. Осы өсімдіктердің ішінде Қызыл кітапқа енген, реликті және емдік қасиеті барлар болуы мүмкін, – дейді директор.
Баянауыл ұлттық саябағы және Жасыбай көлінің аумағында қырықжапырақтардың бірнеше түрі Қазақстанның Қызыл кітабына енгізілген, олардың ішінде: еркек усасыр, кәдімгі қырыққұлақ, түйеқұстәрізді қырыққұлақ, кәдімгі жылантіл. Бұл түрлер саны мен таралу аймағының қысқаруына байланысты ерекше қорғауды қажет етеді.