Павлодарда бес мыңнан аса ұмытшақ жүргізуші қауіпсіздік ережелеріне көз жұмған

Павлодарда бес мыңнан аса ұмытшақ жүргізуші қауіпсіздік ережелеріне көз жұмған
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олар жауапқа тартылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі. 

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, көлік тізгіндеген әр азамат қауіпсіздік белдігін тағудың маңызын біледі. Бұл – жүргізуші мен жолаушылардың өмірін сақтауға көмектесетін негізгі тетік. Алайда, көптеген жүргізуші қарапайым ережені елемей, түрлі сылтау айтып, белдік тағудан бас тартады. Бірі «қозғалысқа кедергі» десе, енді бірі «ұмытып кетем» деп ақталады. Ал салдары апатты жағдайда өте ауыр болуы мүмкін.

– Бұл ереже тек жүргізушіге ғана емес, жолаушыларға да қатысты. Әсіресе балалардың қауіпсіздігі бірінші орында тұруы тиіс. Жол-көлік оқиғалары кезінде белдік тағылмаса, адамның көлік ішінен ұшып кету, немесе ауыр жарақат алу қаупі бірнеше есе артады, – деп хабарлайды департаментте.

Жыл басынан бері 5506 жүргізуші қауіпсіздік белдігін тақпағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Олардың әрқайсысына 5 АЕК көлемінде айыппұл салынды. Ал бір жыл ішінде қайтадан ереже бұзса, бұл сома екі еселенеді.

Қауіпсіздік белдігі – өмірдің белдігі. Оны тағу бірнеше секунд қана уақыт алады, ал тағылмаған белдік бір сәтте өмірді жалмауы мүмкін. Сондықтан рөлге отырған әрбір азамат тек айыппұлдан қорықпай, ең алдымен өз өмірі мен жақындарының амандығы үшін қауіпсіздік ережелерін сақтауы тиіс.