Жасөспірімді зорлаған екібастұздық сотталды

Жасөспірімді зорлаған екібастұздық сотталды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Қылмыстық іс жабық сот отырысында қаралды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Айыпталушы – қаладағы ПИК-тердің бірінің 48 жастағы слесары.

Облыстық прокуратура басқармасының бастығы Әлия Оспанованың айтуынша, 25 мамыр күні сағат төрт шамасында ер адам аялдамадан 14 жастағы жәбірленуші мен оның сыныптасын кездестіріп, іссапарға кететінін айтып, өз күшігін алып кетуді ұсынған. Қыз бала бұл ұсынысқа келісімін берген.

Мектеп оқушылары күшікті пәтерден алып шыққан. Слесарь өз ұялы телефон нөмірін де қалдырған.

Алайда мектеп оқушысының туыстары жаңа жануарды асырауға қарсы болған. Қыз бала телефон арқылы сотталған ер адамнан көшеде кездесуді өтінген, бірақ ол өзін жайсыз сезініп тұрғанын айтып бас тартқан. Қыз бала қайтадан пәтерге баруға мәжбүр болған, сол жерде сотталған адам оны келесі күнгі таңғы алтыға дейін күштеп ұстаған.

Ер адам жасөспірімді қорқытып, үйіне қоңырау шалып, құрбысының үйінде қалатынын айтуға мәжбүрлеген. Ол қызды зорлап қана қоймай, телефонына түсіріп алған.

Таңертең мектеп оқушысы бірден полицияға жүгініп, өзімен болған жағдайды баяндады. Сол күні ер адам ұсталды.

Үкім қылмыстық істер жөніндегі облыстық мамандандырылған ауданаралық сотта жарияланды.

Екібастұз тұрғыны Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 120-бабының 3-бөлігі 1-тармағы («Зорлау») және 121-бабының 3-бөлігі 1-тармағы («Сексуалдық сипаттағы күш қолдану әрекеттері») бойынша кінәлі деп танылды.

Сот ер адамның бірнеше рет сотталғанын ескере отырып, 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын және өмір бойына педагогикалық қызметпен және балалармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айыру туралы шешім шығарды.

Сондай-ақ, сотталған адам жәбірленуші тарапқа 7 миллион теңге көлемінде моральдық зиян төлеуге міндеттелді.

Бұдан бөлек, ер адамды колонияда психобелсенді заттарды қолдануға байланысты психикалық мінез-құлық бұзылыстарынан мәжбүрлі емдеу тағайындалды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.