Жазғы еңбек маусымын тиімді ұйымдастырған павлодарлықтар ұлықталды
Астанада «Ауыл» партиясының ұйымдастыруымен еңбек адамдары мен белсенді жастарды ұлықтауға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Іс-шараның басты мақсаты – 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаған Президент бастамасын қолдап, еңбек адамдарының қоғамдағы мәртебесін арттыру.
Бұл жиын – ел еңбегінің маңызын айшықтап, өз кәсібіне адал, күнделікті еңбегімен ел дамуына үлес қосып жүрген азаматтарға деген құрметтің көрінісі.
Салтанатты рәсім барысында партия төрағасы Серік Егізбаев Мемлекет басшысының атынан марапаттар табыстап, еңбек адамдарына деген Президенттің айрықша ықыласын атап өтті.
– Бұл марапаттар – Президенттің қарапайым еңбеккерлерге деген жоғары бағасы мен ерекше құрметінің көрінісі!, – деді ол өз сөзінде.
Марапат иелерінің қатарында жазғы еңбек маусымын тиімді ұйымдастырғаны және жастар белсенділігін арттыруға үлес қосқан Павлодар өңірінің өкілдері де болды. Атап айтқанда, «Ауыл» партиясы Павлодар облыстық филиалы аппаратының басшысы Әлия Құрметова, «Agro Terra» ЖШС басшысы Ербол Әлібеков, Ақтоғай аграрлық-техникалық колледжі директорының орынбасары Венера Сәкенова, студенттік және жастар еңбек жасақтарының белсенді мүшесі Алишер Мақишев «Ауыл партиясына 25 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Сонымен қатар, жиын барысында елдің түкпір-түкпірінде құрылған Студенттік жастар жасақтарының 12 белсенді мүшесіне алғыс хаттар табысталды.
– Олардың табандылығы мен еңбекқорлығы – болашақ көшбасшылардың қалыптасуына жол ашатын жарқын үлгі!, – деп атап өтті Серік Егізбаев.
Салтанатты рәсім жылы лебізге, еңбек адамына деген құрмет пен ризашылық сезіміне толы болды. «Ауыл» партиясы алдағы уақытта да еңбек адамдарының мәртебесін көтеру, жастар бастамаларын қолдау және ауыл аймақтың дамуына серпін беретін жобаларды жүзеге асыру жұмыстарын жалғастырмақ.