Жазғы демалыс қауіпсіздігі: Ақсуда балаларға арнайы сабақ өтті

Жазғы демалыс қауіпсіздігі: Ақсуда балаларға арнайы сабақ өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Онда балаларға жол қозғалысы мен терезе қауіпсіздігі түсіндірілді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Жазғы демалыс әр бала үшін қауіпсіз болуы керек. Яғни, асыға күткен үш айлық демалыс қайғылы жағдайға айналмас үшін полиция инспекторлары мектеп жанындағы лагерь тәрбиеленушілерімен интерактивті сабақтар өткізуді қолға алды. Кездесудің негізгі тақырыптары жол қозғалысы ережелері және терезеден құлаудан қорғау болды.

Бүлдіршіндермен болған жиын жол алфавитін таныстырудан басталды. Тәртіп сақшылары балаларға жолдан қалай дұрыс өту керектігін, смартфондарға тәуелді болып қалу және «зебрада» құлаққаппен музыка тыңдау неліктен қауіпті екенін және көліктер жиі маневр жасайтын аулаларда өзін қалай ұстау керектігін еске салды.

Сонымен қатар, бүгінгі күннің маңызды тақырыбына айналған ашық терезелердің қауіпі туралы да сөз болды. Балаларға москит торы олардың салмағын көтере алмайтыны анық түсіндірілді. Инспекторлар мектеп оқушыларын ешқашан оларға сүйенбеуге және бөлмеде терезе ашық болса, ересектерді бірден шақыру керектігін айтып, кеңес берді. 

— Біздің мақсатымыз - балалардың өз қауіпсіздігі туралы ойлау әдетін қалыптастыру. Қарапайым және түсінікті ережелер балалардың өздері үшін де, олардың ата — аналары үшін де маңызды, - деді Ақсу қаласының ювеналды полиция инспекторы Нұрсұлтан Құдайбергенов.

Кездесу тікелей диалог форматында өтті. Балалар жай тыңдап қана қоймай, белсенді түрде сұрақтар қойып, жол жағдайларын талдап, өз білімдерімен бөлісті.