Жаңа қазандықтың жыры: Ақсудағы бас мердігермен Антикор айналысады

Жаңа қазандықтың жыры: Ақсудағы бас мердігермен Антикор айналысады
Фото: Валерий Бугаев

Мердігер жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін бастапқы дайындауда қателіктер жіберген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

– Біз қазандықтың жұмыс істей алатынын көрсету үшін құрылысын аяқтап, іске қосу міндетін қойдық. Бірақ қазандықта жобалық емес шешімдер қолданылғандықтан, жағдайдан шығудың тек екі жолы бар: жобалық емес шешімдерді заңдастыру және мемлекеттік сараптамадан қайта өткізу немесе жобалық емес шешімдерсіз қазандықты іске қосу, – деді  Асайын Байханов ҚР Президенті жанындағы ОКҚ-де өткен баспасөз конференциясында.

Оның айтуынша, «KBI Energy» ЖШС бас мердігері ешқандай шешім қабылдамаған. Сондықтан билік Антикорға жүгінуге мәжбүр болған.

– Біз ERG компаниясының өкілдерімен келісім жасадық. Олар қосымша қаражатқа қазандықты күрделі жөндеуден өткізетін болады. Қазіргі уақытта жұмыс істеуде. Бұл жұмыстар жылыту маусымына дейін аяқталады. Ақсулықтар жылусыз қалмайды, – дейді Асайын Байханов.

Сондай-ақ, әкім Павлодар қаласының жағдайына тоқтала өтті. Әзірге барлық жұмыс жоспарға сай жүзеге асырылуда.   

– Жалпы бізде Павлодар қаласында үш жылу беру станциясы бар. Бұл станцияларда күрделі жөндеу жұмыстары жоспар бойынша атқарылуда. №2 жылу беру станциясында жоспарланған мерзімен кешіккен еді. Бұл мәселелер маусым айының 25-інде толықтай шешілді, – деп жауап берді Асайын Байханов. 

Еске сала кетейік, 2023 жылдың сәуір айында Ақсуда жаңа қазандық сынақтан өткен болатын. Сол кезде бастапқыда жобада қарастырылмаған қож ұсақтағыш орнату мәселесі туындады.