Железин ауданына қоныс аударушылар саны артып келеді

Железин ауданына қоныс аударушылар саны артып келеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Соңғы үш жылда мұнда көші-қон бағдарламасы аясында 100 отбасы қоныс аударған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.  

Бұл туралы Железин аудандық «Мансап» орталығы мәлімдеді.

Елімізде еңбек күші артық оңтүстік өңірлердің тұрғындарын солтүстік аймақтарға қоныстандыру бағдарламасы жүзеге асырылғаннан бері Павлодар облысына қоныс аударушылар саны жыл санап артып келеді. Әсіресе, қоныс аударушылар арасында Железин ауданына қызығушылық танытатындар аз емес. Соның айғағы болар, ауданға соңғы үш жылда 100 отбасы қоныс аударып, халық саны бірден 462 адамға артқан.

–  Мәселен, 2023 жылы – 44 отбасы, 2024 жылы – 26 отбасы, ал 2025 жылы 30 отбасы аудан тұрғындарының қатарына қосылды. Осы кезеңде ауданға барлығы 462 адам көшіп келді. Олардың 60 пайыздан астамы - мектеп және балабақша жасындағы балалар. Бұл өз кезегінде ауылдық елді мекендердегі білім беру ұйымдарын сақтап қалуға және оқушылар санын арттыруға оң әсерін тигізіп отыр, – дейді «Мансап» орталығындағылар.

Қоныс аударушылар көбіне Екішоқ, Башмачное, Жаңа жұлдыз, Алакөл, Железинка, Ақтау, Аққайың, Есқара, Майлы және Церковное ауылдарына орналастырылған.

Бағдарлама аясында отбасылардың көшу шығындары өтеліп, тұрғын үй сатып алу немесе жалға алу үшін қаржылай көмек көрсетілген. Сонымен қатар, қоныс аударушылар тұрақты жұмыспен қамтылып, кейбіріне кәсіпкерлікті дамытуға арналған мемлекеттік гранттар берілген.

Мемлекеттік көші-қон бағдарламасы жаңа өңірге келген азаматтарға тек баспана мен жұмыс тауып беріп қана қоймай, олардың жаңа ортаға бейімделуіне де мүмкіндік жасап отыр. 

Қоныс аударушылардың басым бөлігі Павлодар өңірінде өз болашағын көріп, осында тұрақтап қалуды мақсат тұтады екен.

Ауданда көші-қон аясында атқарылатын жұмыстар легі әлі де жалғасын табуда.