Павлодар облысы тарифтер тізімінде соңғы орындарда тұр

Табиғи монополияларды реттеу комитетінің департаменті Павлодар облысындағы су, жылу және электр қуатының бағасын Қазақстанның басқа облыстары мен ірі қалаларымен салыстырды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Басқарма басшысы Нұрлан Нұрмұратов статистикалық мәліметтерді келтірді.
– Электр энергиясы тарифінің қымбаттығы бойынша облысымыз 12-ші орында. Тұрғындар үшін тариф – 19,66 теңге. Бірінші орында 26,7 теңгелік тарифпен Алматы қаласы тұр. Жылумен қамту бойынша 15-орындамыз, тарифіміз – 3610 теңге. Бірінші орында Алматы қаласы, осы қалада жылу құны – 7898 теңге. Канализация бойынша 20 облыстардың ішінде 19 орынды алып отырмыз. Сумен қамтамасыз ету бойынша біз 13-орындамыз, – деп атап өтті спикер. – Осы статистикаға қарағанда, біздің тари соншалықты жоғары емес деп айтуға болады.
2015 жылдан бастап табиғи монополия салаларында бес жыл және одан да көп мерзімге тарифтерді белгілеуді көздейтін тарифтік саясат қолданылуда. Тарифтік саясаттың негізгі бағыттарының бірі – жаңа инвестицияларды тарту арқылы коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту.
Қазір көбісі кросс субсидиялаудан бас тартқандықтан, әртүрлі тұтынушылар топтары арасындағы тарифтерді теңестіруге және кәсіпорындар мен бюджеттік ұйымдарға қаржылық жүктемені азайтуға мүмкіндік пайда болып жатыр.
– Тұтынушылар үш санатқа бөлінеді: халық, бюджеттік ұйымдар және бюджеттен қаржыландырылмайтын басқа да тұтынушылар. 2029-2030 жылдарға қарай біз тұтынушылардың барлық санаттары үшін тариф деңгейін теңестіруіміз керек, – деді Нұрлан Нұрмұратов.
Айта кетерлігі, Павлодар облысында сараланған тариф тетігі әлі бекітілмеген. Бірақ «Павлодар Водоканал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің тарифтерін өзгертсе, департамент жаңа механизмді ескере отырып, сараланған тарифтерді анықтауға тура келеді.