Железин ауданында дзюдодан республикалық турнир өтті

Железин ауданында дзюдодан республикалық турнир өтті
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жарысқа еліміздің әр өңірінен 250-ден астам жас спортшы қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Павлодар облысының Железин ауданында мұғалім әрі тәлімгер Теміршот қажы Нүкеновті еске алуға арналған дзюдодан XVI республикалық турнир ұйымдастырылды. 

Дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан турнирдің биылғы бәсекесі 2011-2012 жылдары туған ұлдар мен қыздар арасында өтті. Жыл сайын ауқымы кеңейіп келе жатқан жарысқа Қазақстанның түкпір-түкпірінен спортшылар жиналды.

Жас дзюдошылар татамиде өзара мықтыны анықтап, шеберліктерін ортаға салды. Жарыс барысында спортшылардың техникалық дайындығымен қатар, табандылығы мен жеңіске деген жігері де сыналды.

Жеке есепте Железин ауданының намысын қорғаған үш спортшы жүлдегер атанды. Ералы Қанапия, Богдан Самсонов және Алуа Кукузова қола медаль иеленді.

Турнир аясында командалық біріншілік те ұйымдастырылды. «Қабырғаға қабырға» форматында өткен командалық сайыста Павлодар қаласының Олимпиада резерві мектебінің спортшылары жеңімпаз атанды. Екінші орын Астана командасына бұйырса, үшінші орынды Семейдің «Алаш Орда» және Павлодардың «Алаш» командалары өзара бөлісті.

Жарыстың әділ әрі жоғары деңгейде өтуіне кәсіби төрешілер төрелік етті. Сонымен қатар даулы сәттерді нақты бағалау үшін жарыста бейнефиксация жүйесі қолданылды.

Ұйымдастырушылардың айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін бұл турнир жас дзюдошылардың спорттық шеберлігін шыңдап қана қоймай, өңірлер арасындағы тәжірибе алмасуға да мүмкіндік береді.