Павлодар облысында «Қауіпсіз жол» шарасы басталды
Өңір полицейлері жол-көлік оқиғаларын азайту және өрескел заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында күшейтілген жұмыс режиміне көшті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, 23–25 қаңтар аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілуде.
– Бұл шараның негізгі мақсаты – жол қозғалысына қатысушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және қайғылы жағдайлардың алдын алу, – делінген хабарламада.
Іс-шара аясында құқық қорғау органдарының қызметкерлері бірнеше бағыт бойынша қатаң тексеру жүргізуде. Әсіресе, көлік құралын мас күйінде басқаратын жүргізушілерді анықтауға, жылдамдық режимін шамадан тыс асырғандарға және жаяу жүргіншілер өткелінен өту қағидаларын сақтамайтындарға ерекше назар аударылуда. Сонымен қатар, қауіпсіздік белдігін тақпау және балаларды арнайы ұстайтын құрылғысыз тасымалдау фактілері де бақылауға алынды.
Тәртіп сақшылары жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жолда барынша мұқият болуға шақырады.