Железин ауруханасы жаңартылып, заманауи жабдықтармен толықтырылмақ

Облыстың бас дәрігері Железин ауруханасына барып, стационар мен емхананың жұмысын көрді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Сапар барысында бөлімшелерді аралап, ауылдық тұрғындардан медициналық қызмет сапасы жөнінде пікір алған Иран Шаметеков биылғы жылы аурухана ғимаратына күрделі жөндеу жоспарланғанын мәлімдеді.
– Жөндеу жұмыстарына жұмсақ шатырды, терезелерді, еден жабынын, қабырғалардың қаптамалық кафелін ауыстыру, сылау және қасбетті сырлау кіреді. Сондай-ақ, 25-тен астам медициналық жабдық бірлігін сатып алу көзделген. Олардың қатарында жаңа туған нәрестелерге арналған ашық реанимациялық жүйе, видеоэндоскопиялық жүйе, заманауи УДЗ аппараты, дефибриллятор, аудиологиялық скринингке арналған құрал, фототерапия аппараты, стоматологиялық қондырғы және басқалар бар, – деп жазды Иран Шаметеков өзінің Instagram парақшасында.
Басқарма басшысы аурухананың бас дәрігеріне жөндеу кезінде қызметкерлер мен науқастар үшін қолайлы жағдай жасау, сондай-ақ негізгі медициналық көрсеткіштердің орындалуын бақылауда ұстау міндетін жүктеді.