ЖИ, автоматика және сирек металл: Павлодарда қайтадан галлий қашан өндіріледі?

Павлодар алюминий зауытында ауқымды жаңғырту бағдарламасы аясында бірқатар жобалар жүзеге асырылуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыс басшылығы мен ірі инвесторлардың кездесуінде кәсіпорын директоры Айтуған Ахметов қазіргі және болашақтағы бастамалар туралы айтып берді.
Оның айтуынша, өндірісті техникалық тұрғыда дамыту бағытында жұмыстар жүргізіліп қана қоймай, шикізатты қайта өңдеу саласында да нақты қадамдар жасалуда.
– 2012 жылы Павлодарда галлий өндірісі болған. Алайда, сол кезде Қытай бұл сирек жер металын жаппай өндіре бастаған соң, баға күрт төмендеп кетті. Қазір сирек жер элементтерінің маңыздылығы қайта артып отыр. Мемлекет басшысы да Қазақстан халқына Жолдауында бұл мәселеге ерекше назар аударды, – деді Айтуған Ахметов.
Жаңа өңдеу технологиясы экологиялық жағынан қауіпсіз және шығын тұрғысынан тиімді болмақ. Барлық процесс толық цифрландырылып, жасанды интеллект пен автоматика енгізіледі. Жобаның басталуы 2026 жылға жоспарланған, ал аяқталуы сол жылдың соңына дейін жүзеге асырылмақ.
Айтуған Ахметов өндірістік қуаттарды жаңарту және қауіпсіздікті арттыруға бағытталған басқа да бастамалар жөнінде айтты. Стратегиялық жобалардың бірі – кальцинация пештерін жаңғырту. Екі жаңа пештің құрылысы жоспарланып отыр, бұл шығарылатын зиянды заттар мен жылу тұтынуды айтарлықтай төмендетеді. Энергоүнемділігі жағынан бұл пештер әлемдегі ең озық қондырғылардың қатарына енеді және қазіргі жұмыс істеп тұрған бес пешті алмастырады.
– Сондай-ақ агломерация пештерінің газтазалау жүйесін жаңғырту жобасы іске асырылуда. Қазіргі таңда №1 және №4 пештерде жұмыстар аяқталды. Ескі электрофильтрлер заманауи гибридті сүзгілермен ауыстырылды, бұл қатты бөлшектердің шығарындыларын едәуір азайтуға мүмкіндік берді. Жоба жалғасуда – биыл тағы бір пеште жұмыс аяқталады, қазір іске қосу-жөндеу кезеңінде тұр, – деді ол.
Кәсіпорында шығарындыларды автоматты түрде бақылау жүйесі енгізілген.
– Келесі жүзеге асқан жоба – әк сөндіру торабы. Соңғы кезде біздің боксит құрамында карбонаттардың артуы байқалды, бұл шұғыл шешім қабылдауды талап етті. 2023 жылы уақытша шешім ретінде сатып алынған әк пайдаланылды, бірақ бұл тиімсіз болды. Сондықтан зауыт аумағында әк сүтін өндіретін толыққанды жоба қолға алынды. Сонымен қатар, 60-жылдардан бері қолданылып келе жатқан ескі технологияларды ауыстыру жұмыстары жүргізілуде – олар қазіргі талаптарға сай емес, – деп бөлісті Айтуған Ахметов.
«Қазақстан алюминийі» АҚ бас директоры Владимир Красноярскийдің айтуынша, жүзеге асып жатқан жобалар экономикалық тұрғыда да, экологиялық тұрғыда да оң нәтиже беруде.
– Біз шығарындыларды жүз еседен астам азайтамыз – көрсеткіш 20 миллиграммға дейін төмендейді. Қазір бұл көрсеткіш жылына 1500–2000 миллиграмм шамасында. Үшінші пештің арқасында 30 пайыздық төмендеу қазірдің өзінде байқалды. Өндіріс көлемі де артып келеді: 2023 жылы біз 1 миллион 400 мың тонна глинозем өндірдік, 2024 жылы – 1 миллион 500 мың тонна, ал биылғы жоспар – 1 миллион 600 мың тонна, – деді ол.
Дивизионның ауқымды жоспарлары қатарында FLSmidth компаниясымен бірлесіп жүзеге асырылатын жоба бар – бұл зауыттың негізгі тораптарының бірі болып саналатын қызыл шламды қоюлату және жуу учаскесін жаңғырту. Бұл шешім технологиялық процестің тиімділігі мен экологиялық тұрақтылығын едәуір арттыруға мүмкіндік береді.