Жолаушы терезеден шығып тұрған: Павлодарда жүргізуші жазаланды
Бұған қоса ол айқайлаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, Іnstagram әлеуметтік желісіндегі @dp_pavlodar парақшасының директіне жол жүру ережелерін бұзу туралы бейнежазба түскен. Видеода жүргізуші жолаушының көліктің терезесінен жартылай шығып, айқайлауына жол бергені түсірілген.
– Полиция автокөліктің Елгин көшесімен жүріп келе жатқанын және Аймауытов көшесінің қиылысында жолаушы терезеден шығып тұрғанын анықтады. Жүргізуші мен жолаушы басқа жүргізушілердің ескертулерін елемеген. Осылайша, жүргізуші жол ережесін өрескел бұзған. Аталған автокөліктің жүргізушісі анықталып, әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Айыппұл салынды, – деді Павлодар қаласы полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының командирі Айдар Сламбеков.
Полиция жол қозғалысының барлық қатысушылары жол жүру ережелерін сақтауы керек екенін атап өтті. Бұл жағдайда жолаушы өзінің немқұрайлылығына байланысты өміріне қауіп төндірді.
Айта кету керек, жыл басынан бері жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол жүру ережелерінде көзделген қауіпсіздік белдіктері мен мотошлемдерді пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамағаны үшін 14139 жүргізуші жауапкершілікке тартылды.