Павлодар облысының әкімі металлургтерді кәсіби мерекесімен құттықтады
Павлодар облысының әкімі Асайын Байханов Instagram әлеуметтік желісіндегі парақшасында металлургтерді кәсіби мерекесі – Металлург күнімен құттықтады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Өңір басшысы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тау-кен металлургия кешенін елдің индустриялық дамуының берік тірегі ретінде атап өтетінін жеткізіп, Павлодар облысы үшін металлургия экономиканың маңызды саласы әрі еңбекқорлықтың жарқын үлгісі екенін айтты.
Сондай-ақ ол облыста «Қазақстан алюминийі» АҚ, Қазақстан электролиз зауыты, Ақсу ферроқорытпа зауыты, KSP Steel және басқа да ірі кәсіпорындардың табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті. Оның мәліметінше, бұл салада 21 мыңнан астам адам еңбек етеді. Павлодар облысында еліміздегі глинозем мен алюминийдің басым бөлігі, сондай-ақ ферроқорытпаның жартысынан астамы өндіріледі.
Асайын Байханов қол жеткізілген жетістіктер металлургтердің адал еңбегінің нәтижесі екенін айтып, саланың қалыптасуы мен дамуына үлес қосқан ардагерлерге алғыс білдірді.
Жазба соңында өңір әкімі барлық металлургтерге зор денсаулық, отбасыларына амандық, мол табыс пен жаңа жетістіктер тіледі.