Жолмен бірге қаласыздар: Екібастұздық мердігерлер қатал ескерту алды

Жолмен бірге қаласыздар: Екібастұздық мердігерлер қатал ескерту алды
Фото: Асия Серикова

Мердігерлік ұйым Құндыкөл ауылының көше жолдарын кемшіліктермен орындап жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Облыс әкімі Баянауыл ауданына жұмыс сапарымен барып, Құндыкөл ауылында жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысын тексеріп қайтты. Екібастұздық мердігер «Энергоқұрылыс ПВ» ЖШС жалпы ұзындығы 3,4 шақырым алты көшеде асфальт төсеп жатыр. Аймақ басшысы Асайын Байханов атқарылып жатқан жұмыстардың сапасына көңілі толмай, мердігерлерге түзетулерді енгізіп, кемшіліктерді жою керектігін айтты.

Жол жиектерін кеңейту керек еді. Негізін салмай, неліктен асфальт төсеуге кірістіңіздер? Басынан оны қарастыру қажет болды. Мына ауылда ешқашан жол болмаған. Қаражат бөлінді ме, міндеттемені мойныңызға алдыңыздар ма, орындаңыздар. Орындамайсыздар ма, мына жерде осы жолмен бірге қаласыздар. Жұмысыңызды адал істеңіздер, – деп ескертті облыс әкімі. 

Асайын Байханов сапасыз жолдардың арты халықтың шағымдарына әкеп соғатынын атап өтті. 

Жұмыстарды қабылдауға болмайды. Жолдар басқармасы сапасыз жұмысты қабылдаса, бұл жағдай жай ғана жұмыстан шығару емес, қылмыстық іске дейін жетуі мүмкін, – деді облыс әкімі.

Ол мемлекеттік сәулет - құрылыс бақылау басқармасына аталмыш мердігерлік ұйымға және техникалық бақылауға хабарлама жіберсін деген тапсырма берді. Өз кезегінде мердігерлер барлық кемшіліктерді жоюға уәде беріп, жұмыстарды 25 маусымда аяқтауды көздеп отыр. 

Бұдан бөлек, Құндыкөл ауылында 1982 жылы қаланған және соңғы рет 2013 жылы жартылай күрделі жөндеу жасалған мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтіп жатыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы бойынша 149 миллион теңгеге ғимараттың шатыры, едені, электр желісі толықтай ауыстырылады.  Сондай-ақ, Ә. Марғұлан атындағы жалпы орта білім беретін мектепте де күрделі жөндеу жұмыстары жүруде.