«Қазақстан халқына қоры» 191 тірек мектепті жабдықтауға 250 млн теңгеден ақша бөледі
«Қазақстан халқына қоры» 191 тірек мектепті жабдықтауға 250 млн теңгеден ақша бөледі. Бұл туралы қордың төрағасы Болат Жәмішев БАҚ өкілдерімен өткен баспасөз конференциясында мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Біздегі ең ірі құс фабрикасын ұстап отырған «Aitas Kz» акционерлік қоғамы қолға алған жобаны көрдік. Оның иесі өзі туған Катонқарағай ауданында, құс фабрикалары орналасқан елді мекендерде 5 мектепті Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейінде жабдықтау үшін 250 млн теңгеден ақша жұмсаған. Назарбаев мектептері көмек ретінде мұғалімдерді әзірлеп берген. Былайша айтқанда, осы 5 мектеп Назарбаев зияткерлік мектептерінің ауылдардағы филиалына айналған. Ауылда мүлдем басқа деңгейдегі біліктілік орталығы пайда болғаны өте жақсы. Біз Қазақстан бойынша 191 «тірек мектепті» анықтадық. Оларға 595 шағын жиынтықты мектеп байланған», - деді ол.
Қор төрағасының пайымынша, аталған 191 тірек мектеп арқылы 595 шағын жиынтықты мектептің білім сапасын көтеруге болады.
«Бұл жерде Назарбаев зияткерлік мектебінің педагогтерді дайындауға келіскені маңызды. Біз әр мектепке 250 млн теңгеден бөле аламыз. Бірақ мұғалімдердің біліктілігі сай болмаса, жабдықталу деңгейін көтергеннен пайда аз. Сондықтан біз Назарбаев мектебінің қолдауынсыз бұл жобаға бармаймыз деп шештік. Олар келісті. Біз оларға өздері жинақтаған педагогикалық тәжірибені ауылдарға апаруға мүмкіндік бермекпіз», - деді Болат Жәмішев.
Әуелі пилоттық жоба аясында әр облыстан бір-бір мектеп таңдап алынған екен.
«Оларға облыстық деңгейдегі Назарбаев мектептерінің әлеуетін пайдаланамыз. 17 мектепті осы жобаға қосып, жұмыс істейтінін түсінген соң тағы 63 тірек мектептің жобасын мақұлдадық. Биыл осы 63-тің басым бөлігі жабдықталып бітеді. Ал мұғалімдерді даярлауға 3 жыл керек. Біз ақшаны жабдықтауға қажетті құралдар мен қондырғыларды шығаратын зауыттарға тікелей төлейміз. «Aitas Kz» құрған қор ұйымдастыру мәселелерінің бәрін өз мойнына алып отыр. Назарбаев мектептері бюджеттен бөлінетін қаражаты есебінен мамандарды даярлайды. Келесі жылы тағы 121 тірек мектепті осы жүйемен жабдықтаймыз, ал Назарбаев мектептері мамандарды даярлайды, «Aitas Kz» құрған қор ұйымдастыру мәселелерін реттейді. Осылай келісіп отырмыз. Яғни, келесі жылы аудан орталықтарының бәрінде және 27 моноқалада 191 тірек мектепті жабдықтап бітіреміз», - деді ол.