Қазақстандық көкпар төрешілеріне арналған халықаралық семинар ұйымдастырылды

Қазақстандық көкпар төрешілеріне арналған халықаралық семинар ұйымдастырылды
Фото: Константин Шелков

Аталмыш іс-шараға 10 елден 35 төреші қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Шымкентте 5-ші Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарында төрелік ететін көкпар төрешілеріне арналған халықаралық тренинг-семинар өтті. Оған Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Моңғолия, Тәжікстан, Ресей, Түркия, Мажарстан, Грузия және Пәкістан мемлекеттерінен келген төрешілер қатысты.

Семинардың ресми бөлімін Мұратбек Қыпшақбаев Ойындарға дайындық жұмыстары туралы айтумен бастады. Өз кезегінде Эркин Абзалов Дүниежүзілік көшпенділер ойынының  тарихы және мақсатын таныстырып, бүгінгі өтіп жатқан халықаралық семинарда төрешілердің  біліктілігін арттырып, емтихан алынатындығын хабардар етті. Сондай-ақ, Ойындарда төрешілерге артылған жауапкершілікті ескеріп, көкпар ережелеріне мұқият болуларын талап етті.

Семинар соңында емтихан тапсырған төрешілерге арнайы сертификаттар табысталды. Бұл төрешілердің 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында көкпар бойынша жұмыс істеуіне мүмкіндік берді.

Айта кетерлігі, 8-13 қыркүйекте Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары өтеді. Іс-шараға 89 елден 2000-нан астам спортшы қатысады деп жоспарлануда. 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Бас демеушісі – ALAGEUM ELECTRIC, Ойындардың Бас серіктесі – Halyk Bank. Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойындарында барлығы 21 спорт түрінен 97 медаль жиынтығы сарапқа салынады.