Денсаулық министрі Павлодар облысы медицинасын бағалады
ҚР Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният өңірімізге жұмыс сапарымен келді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Еліміздің бас дәрігері Торайғыров университетінде облыс тұрғындары алдында есеп берді. Сөз басында Ажар Ғиният Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау нәтижесінде негізгі медициналық-демографиялық көрсеткіштері жақсарғанын жеткізді.
- Павлодар облысы бойынша халықтың жалпы өлім-жітімі 2021 жылмен салыстырғанда 27%-ға, оның ішінде қанайналым жүйесі ауруларынан болатын өлім-жітімнің 42%-ға, обырдың – 9%-ға, тыныс алу ағзаларының ауруларынан және туберкулезден болатын өлім-жітім – 25%-ға төмендегені байқалады, - деді министр ханым.
Дегенмен, былтырғы ана өлімі көрсеткіші 43%-ға, ал ағымдағы жылы нәресте өлім-жітімінің деңгейінде 1%-ға өсті.
Ажар Ғинияттың сөзіне қарағанда, мемлекет бастапқы медициналық-санитариялық көмекті дамытуға ерекше назар аударуда. 2022 жылы тоғыз жаңа қалалық емхана мен амбулатория, оның ішінде Павлодар облысында бір емхана пайдалануға берілді.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы емханаларды қаржыландыруға бөлінетін қаражат денсаулық сақтау саласы бюджетінің 60% құрағанын ұсынады. Былтырғы көрсеткіш бойынша бізде ол 54%. Биыл біз бұл көрсеткішті 56%-ға жеткізбекпіз. Бұл бастапқы медициналық-санитариялық көмекті қолжетімділігі мен сапасын арттырады, - деді министр.
Ажар Ғиният емханалардағы ұзын-сонар кезек мәселесіне де тоқталды. Анық болғандай, еліміздің бас дәрігері бұл мәселеден хабардар. Осы олқылықты түзету үшін шұғыл жағдайлар, стоматологиялық көмек, дерматовенерологиялық, акушер-гинеколог пен психологтың қабылдауы, онкологиялық көмек секілді тоғыз бағыт бойынша консультациялық-диагностикалық қызметтер көрсету учаскелік дәрігердің жолдамасынсыз жүзеге асырылады.
Әрі қарай министр ханым тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Айта кетейік, жұмыс сапары кезінде Ажар Ғиният облыстың ауылдары, Ақсу, Екібастұз қалаларын аралап, медициналық инфрақұрылымның жағдайы мен көмектің сапасының деңгейімен танысты.
Фото: өңірлік коммуникациялар қызметі