Павлодарлық травматолог сколиозды жүзумен емдеуге болатынын жоққа шығарды

Павлодарлық травматолог сколиозды жүзумен емдеуге болатынын жоққа шығарды
Жасанды интеллект арқылы жасалған сурет

Соңғы уақытқа дейін дәрігерлер сколиоз бар науқастар омыртқаны жүзу арқылы түзетуге болады деп бассейнге баруды ұсынған. Бұл әдіс пен сколиоз ауруы туралы @Pavlodarnews.kz тілшісі анықтап, білді.

Сколиоз - омыртқаның деформациясы және ең көп тараған мүсін бұзылуының бірі болып саналады. Деформация мойын, кеуде және бел аймағында болуы мүмкін. Осы патология тірек-қимыл аппараты белсенді дамығанда, әсіресе 5-тен 15 жасқа дейін дамуы мүмкін.

Павлодарлық травматолог Қанат Асылхановтың айтуынша, аурудың себебі белгісіз, сол себептен идиопатиялық деп аталады. Омыртқаның қисаюы тек жарақаттардың нәтижесінен ғана емес, тұқым қуалайтын ауру ретінде де дамуы ықтимал. Ал туа біткен сколиозды дәрігер омыртқалардың патологиясымен түсіндіреді.

Қанат Асылханов көп жылғы еңбек тәжірибесіне сүйене отырып, бұл ауруды қандай симптомдармен анықтайтынын түсіндірді:

  1. Иық пен жауырындарының орналасу деңгейі әртүрлі;
  2. Қол мен аяқтардың ұзындығы әртүрлі;
  3. Жамбастың анық деформациясы;
  4. Дене пішінінің ассимметриясы;
  5. Мойын формасының өзгеруі;
  6. Қабырғалардың тартылуы;
  7. Кеуде, арқа және мойын жиі ауыруы.

Омыртқаның деформациясы флюорографияда да анық көрінеді.

Қалай емдеу керек?

Қазіргі кезде дәрігерлер науқасқа сколиоз диагнозын қойған кезде, емдік жаттығуларды жасауды ұсынады. Сколиозға қарсы гимнастика кез келген жастағы науқастарға жарамды. Кейбір жаттығуларды күнде жасау қажет.

Егер омыртқаның қисаю бұрышы 40 градусқа жетпесе, оны корсет пен ортопедиялық аяқ киімнің көмегімен түзетуге болады. Корсет сүйек өсу кезінде омыртқаға жақсы көмектеседі.

Егер деформация бұрышы 45 градустан асатын болса, науқасқа ота жасау үшін Астанаға жіберіледі. Ота титан, кобальт-хром, нитинол (никель мен титан қорытпасы), танталдан және полиэфиркетоннан жасалған тілім мен бұрамалар арқылы орындалады.

Бұрын сколиозды емдеу үшін жүзумен айналысқанды дұрыс тәсіл деп санаған.

Бассейн омыртқаның түзу болуының кепілі екені рас па?

Қанат Асылханов бассейннің көмектеспейтіні туралы ғана емес, тіпті сколиозы бар адамдарға жүзуге тыйым салғаны туралы айтты.

– Егер науқасқа соңғы дәрежедегі сколиоз, кифоз немесе лордоз деген диагноздары қойылса, бассейнде емдеуге мүлдем болмайды. Өйткені үлкен дәрежедегі қисаю кезінде бұлшықеттердің бір бөлігі гипертонуста, ал екінші бөлігі гипотонуста болмақ. Спорт тек омыртқаның бүгілуіне себеп болған бұлшықеттердің жұмысын қоздырады, – деді травматолог.

Жүзуден жаттықтырушы Дмитрий Киркин де дәл осындай пікірде.

– Өмір бойы осы спорт түрімен айналыссаңыз да, жүзу спорты омыртқаны түзетуге көмектеспейді. Жүзу тек арқа бұлшықеттерін нығайтады. Сколиоздың алғашқы кезеңдерінде ғана суда жаттығуға болады. Ал омыртқаның қатты қисаю жағдайында арнайы жаттығулар немесе операция ғана көмектеседі, – деп атап өтті балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері.

Сонымен қатар, омыртқаның ауыр деформациясы бар бала кәсіби жүзу спортына қабылданбайды.

Осылайша, сколиозды емдеуге бассейн көмек болмайды, тек арқа бұлшықеттерін бекітеді. Сондай-ақ, емдеуді кейінге қалдыруға болмайды. Өйткені қисық омыртқа сүйектері нервтерді, тамырларды және артерияларды қысуы мүмкін, ағза мүшелері зардап шегіп, қабырға бүкірі пайда болады.