«Қазақстан халқына» қоры: Павлодар облысында қандай жобалар іске асырылмақ?

«Қазақстан халқына» қоры: Павлодар облысында қандай жобалар іске асырылмақ?
Фото: Валерий Бугаев

Облыс әкімдігінде «Қазақстан халқына» қорының жаңа әлеуметтік бастамалары талқыланды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыс әкімі баспасөз қызметінің мәліметінше, аймақ басшысы Асайын Байханов «Қазақстан халқына» қорының басқарма төрағасы Ләззат Шыңғысбаевамен кездесті. Өңір әкімі әлеуметтік бастамаларды жүзеге асыру бойынша ауқымды жұмыстар атқарғаны үшін қорға алғысын білдірді. 

– Өткен жылы қор бөлген қаражат есебінен облыстың сегіз мектебі заманауи үлгіде жабдықталды. Биыл Шарбақты, Успен, Железин аудандары мен Ақсу қаласының тағы төрт мектебін қамту жоспарлануда. Денсаулық сақтау саласы бойынша 86 емделуші қажетті препараттармен қамтамасыз етілді, – деп атап өтті Асайын Байханов. 

Кездесу барысында 2025 жылдың қаржыландыру мәселелері талқыланды. Облыс әкімі қормен бірлесіп, іске асыру жоспарланып отырған бірқатар өзекті жобаларды атап өтті. 

Бүгінгі таңда балалар облыстық ауруханасында магниттік-резонанстық және компьютерлік томография аппараттарына қажеттілік өткір тұр. Кішкентай ем алушыларға МРТ басқа медициналық мекемелерде жасалады, бұл олардың жағдайына теріс әсер етеді. Жабдықтарды сатып алу медициналық көмектің жылдамдығы мен сапасын едәуір арттырады, – деп атап өтті әкім. 

Сондай-ақ, Ғ. Сұлтанов атындағы облыстық аурухананың, Ақсу қалалық ауруханасының, қалалық №1 және №3 ауруханалардың, облыстық кардиоорталықтың МРТ аппараттарын да жаңғырту қажеттілігі бар. Бұдан бөлек, ауылдық балалар мен жасөспірімдер спорт мектептерінде 265 түрлі спорттық жабдықты жаңарту мәселесі де өзекті болып отыр.

Өз кезегінде Ләззат Шыңғысбаева талқыланған барлық мәселелерді қор басқармасы қарастырып, өңірмен тығыз ынтымақтастықты жалғастыратынына және облыстың өзекті мәселелерін шешуде қолдан келгенше көмек көрсететінін жеткізді.