Президент медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды

Президент медицина қызметкерлерін құқықтық қорғауды күшейту туралы заңға қол қойды
Фото: Ақорда

Аталған заң Мемлекет басшысының медицина қызметкерлеріне физикалық күш қолдану және қатыгездік көрсету фактілеріне қатаң тосқауыл қою жөніндегі тапсырмасы аясында әзірленген, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Президенті медицина қызметкерлеріне қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін Қылмыстық және Қылмыстық іс жүргізу кодекстеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңға қол қойды.

Құжатқа сәйкес, Қылмыстық кодекске медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ жедел медициналық жәрдем бригадалары жүргізушілерінің қызметтік міндеттерін атқару кезінде олардың өміріне, денсаулығына және қауіпсіздігіне қол сұғушылық жасағаны үшін қылмыстық жауаптылықты көздейтін жаңа бап енгізіледі.

Заң нормаларына сәйкес:

• зорлық-зомбылық қолданамын деп қорқытқаны үшін 200-ден 500 айлық есептік көрсеткішке (АЕК) дейін айыппұл салу, түзеу жұмыстары, 300 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстарға тарту немесе екі жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы қарастырылған;

• ауырлататын мән-жайлар болған жағдайда жаза екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру түрінде қатаңдатылады;

• өмірге және денсаулыққа қауіпті емес зорлық-зомбылық үшін 500-ден 1000 АЕК-ке дейін айыппұл, түзеу жұмыстары, 600 сағатқа дейін қоғамдық жұмыстар немесе екі жылдан үш жылға дейін бас бостандығын шектеу не айыру жазасы көзделген;

• ал өмір мен денсаулыққа қауіпті зорлық-зомбылық жасағаны үшін бес жылдан 10 жылға дейін, ауырлататын жағдайларда жеті жылдан 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы белгіленеді.

Сонымен қатар Қылмыстық іс жүргізу кодексіне осы санаттағы істер бойынша алдын ала тергеу мен анықтау жүргізу ішкі істер органдарының құзыретіне жататыны туралы норма енгізілді.

Бұған дейін Мемлекет басшысы Үкіметке медицина қызметкерлеріне күш қолдану және қатыгездік көрсету фактілері үшін жазаны күшейтуге бағытталған заңнамалық өзгерістер әзірлеуді тапсырған болатын. Президент мұндай әрекеттердің «Заң және тәртіп» қағидатына сәйкес қатаң түрде жолын кесу қажет екенін атап өтті.

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 2019 жылдан бері елімізде медицина қызметкерлеріне жасалған шабуылдың 280-нен астам фактісі тіркелген. Ал 2025 жылдың өзінде мұндай 58 жағдай анықталған.