Павлодарда студенттер балалар үйіне сыйлық жасады
Торайғыров университетінің студенттері облыстық мамандандырылған балалар үйіне қаражат жинады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
ЖОО баспасөз қызметінің мәліметінше, жастар қайырымдылық мақсатында қаражат жинау туралы бастама көтерген. Балалар үйінің басшысының келісімі бойынша қажетті гигиена құралдары, киім-кешек, кеңсе тауарлары сатып алынған.
– Мейірімділік, жанашырлық және қол ұшын созуға дайын болу – бізді адам ететін басты қасиеттер. Торайғыров университетінде жақсы іс жасауға қабілетті, жанашыр, айналасына бей-жай қарамайтын балалар оқитынына өте қуаныштымын. Олар бастамашылық танытып, мамандандырылған балалар үйіне қаражат жинап, ондағы ең кішкентай балаларға көмектесті, – деп атап өтті ЖОО ректоры Еркін Садықов.
Облыстық мамандандырылған балалар үйінің белгілі бір ерекшелігі бар. Бұл – көбінесе шала туған нәрестелер, анамнезінде жатырішілік кезеңнің және босанудың қолайсыз жағдайы, жаңа туған кезеңнің ауруы, тұқым қуалаушылық аурулары бар балалар.
Айта кетерлігі, ToU студенттері осымен алғаш рет балаларға көмектесу үшін қаражат жинауға бастамашылық танытып отырған жоқ. Бұған дейін де қайырымдылық шараларына белсенділік танытқан.