Қызбен кездесуге келген: Ақтөбенің жігіті Павлодарда арнайы орталыққа тап болды

Қызбен кездесуге келген: Ақтөбенің  жігіті Павлодарда арнайы орталыққа тап болды
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Оны жергілікті тәртіп сақшылары ұстаған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше,  тәртіп сақшылары іздестіру барысында 10 қазан күні үйінен қашып кеткен ақтөбелік 17 жастағы жасөспірімді анықтаған. Ол үйінен 5 қазан күні шығып кеткен. 

Жасөспірім әлеуметтік желілерде қызбен танысып, оған Павлодарға келген. Бұл туралы заңды өкілдерін ескертуді «ұмытып» кеткен. Жігіт  сүйіктісімен кездесіп, серуендегісі келгенін айтқан. 

– Қазір кәмелетке толмаған бала Павлодар қаласының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау өңірлік орталығына орналастырылды және ата-анасы келгенге дейін сол жерде болады, – дейді департаментте. 

Айта кетейік, жыл басынан бері облыстық полиция қызметкерлері жоғалған 57 азаматты іздестірген. Қабылданған шаралармен 47 адам табылып, туыстарына қайтарылды.