Құны – 1 млн теңге: Павлодарлық тұрғын сапасыз жиһаз үшін ақшасын қайтарып алды
Орындаушы жиһазды белгіленген мерзімде аяқтамаған, деп хабарлайды @Рavlodarnews.kz.
Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Дәулен Қабдушевтің айтуынша, биылғы жылдың басынан ведомство атына 518 өтініш түскен. Оның ішінде тұтынушылардың бірі ас үй гарнитурын сапасыз және кешіктіріп қызмет көрсету мәселесі бойынша шағымданған.
– 2022 жылғы ақпанда тараптар арасында ас үй гарнитурасын дайындау бойынша нақты дайындау және монтаждау мерзімдері көрсетілген шарт жасалған. Шарттың жалпы сомасы 1 миллион 89 мың теңгені құрады. Шарт жасалған сәтте тұтынушы 387 мың теңге сомасында алдын ала төлем енгізген. Жиһазды дайындау кезінде тұтынушы тағы да 444 мың теңге көлемінде ақшалай қаражат салған. Ал 258 мың теңге сома қалдығын тұтынушы барлық жұмыстар аяқталғаннан кейін төлеуі тиіс еді, бірақ орындаушы жиһазды белгіленген мерзімдерді бұза отырып және толық көлемде емес, сапасыз дайындаған, – деді Дәулен Қабдушев.
Департамент басшысының сөзінше, өзінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделерін қалпына келтіру үшін тұтынушы ағымдағы жылдың мамыр айында Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Ол жерде тұтынушының құқықтары мен орындаушының міндеттерін түсіндіріп, сотқа жүгіну ұсынылған және департамент сотқа үшінші тұлға ретінде қатысқан.
– Сот отырыстарының нәтижесінде істің барлық мән-жайлары ескеріле отырып, гарнитурды, тұрақсыздық айыбын және сот шығыстарын, сапасыз және уақтылы дайындамағаны үшін тұтынушының пайдасына ақшалай қаражатты қайтару туралы талапты ішінара қанағаттандыру туралы шешім қабылданды. Сот тұтынушының пайдасына 997 550 теңге сомасында ақша қаражатын өндіріп алып, жиһазды орындаушыға қайтару туралы шешім шығарды, – деді Дәулен Қабдушев.
Егер тұтынушы осындай жағдайға тап болса, өз құқықтарын қалпына келтіру үшін Генерал Дүйсенов көшесі, 9 мекенжайында орналасқан Павлодар облысы бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне немесе E-otinish.gov.kz өтініштерді қабылдаудың бірыңғай платформасы, E-tutynushy.kz бірыңғай ақпараттық жүйе немесе 8(7182) 551070 сенім телефондары арқылы жүгіне алады.