ҰБТ-2026: Павлодар облысында жеті мыңнан астам талапкер тест тапсырады
Биылғы тестілеу 10 шілдеге дейін жалғасады, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Елімізде грант иегерлерін анықтайтын негізгі ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Биыл Павлодар облысы бойынша 7046 талапкер ҰБТ-ға қатысады деп жоспарланған. Негізгі ҰБТ 10 шілдеге дейін жалғасады.
Бұл туралы «Ұлттық тестілеу орталығы» ШЖҚ РМК Павлодар қаласындағы филиалы басшысының міндетін атқарушы Нұрқанат Елтінов мәлімдеді.
– Осы жылы талапкерлердің 74 пайызы қазақ тілінде, 26 пайызға жуығы орыс тілінде және 851 жас ағылшын тілінде тестілеуден өтуге өтініш білдірді. Атап өтерлігі, мектеп бітірушілер ҰБТ-ға қатысу күнін, уақытын және пунктін өздері таңдайды. Ағымдағы жылы білім сынағы 45 тестілеу пунктінде ұйымдастырылмақ. Облыстағы 7046 талапкер екі мүмкіндікті есепке алғанда 12775 өтініш берген, - деді Нұрқанат Елтінов.
«Ұлттық тестілеу орталығы» өкілінің айтуынша, осы жылдың қаңтар айында өткен ҰБТ-ға облыс бойынша 5213 оқушы қатысқан. Талапкерлердің 50 пайызы тестілеуді қазақ тілінде, 50 пайызы орыс тілінде және 6 адам ағылшын тілінде тапсырған. Нәтижесінде тест тапсырушылардың 71 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш 64 балды құрайды. Ең жоғары нәтиже – 133 балл. Ал ерекше білім беру қажеттіліктері бар оқуға түсушілер үшін қолайлы жағдай жасаудың арқасында ҰБТ-ға 7 талапкер қатысқанын айта кеткен жөн.
– Тестілеу барысында 9 ереже бұзушылық анықталды. Атап айтқанда, 6 талапкер смартфондарды, шпаргалкаларды және басқа да тыйым салынған заттарды алып кірмек болғаны үшін тестілеуден шеттетілді. Тағы 3 адам тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан шығарылды және олардың нәтижелері жойылды. Талапкердің орнына бөтен адамдардың кіру деректері анықталған жоқ, - деді ол.
Ал 2026 жылғы наурыз айында өткен ҰБТ-ға 4820 павлодарлық мектеп бітіруші қатысқан. Бұл жолы да олардың 50 пайызы қазақ тілін, 50 пайызы орыс тілін және 11 адам ағылшын тілін таңдаған. Қорытынды бойынша талапкерлердің 71 пайызы шекті балл жинады. Бес пән бойынша орташа көрсеткіш – 66 балл. Ең жоғары нәтиже – 137 балл. Осы уақыттағы ҰБТ-ны өткізу барысында 5 ереже бұзушылық анықталды және оны жасағандар аудиториядан шығарылып, нәтижелері жойылды.
Айта кетерлігі, бірнеше жыл қатарынан түлектер ең көп таңдаған бейіндік пәндер комбинациясының көшін «Математика-физика» бастап тұр. Талапкерлердің 17,9 пайызы осы пәндерді таңдаған. Бұл мектеп бітірушілердің инженер, мұғалім, энергетик, құрылысшы және басқа да техникалық мамандықтарға деген ұмтылысын көрсетеді. Екінші кезекте талапкер көп таңдаған пәндер қатарына болашақ медиктердің білімін көрсететін «Биология-химия» комбинациясы бар. Мектеп бітірушілердің 14,5 пайызы осы бағытқа қызығушылық танытқан. Бұдан кейінгі орында «Шығармашылық емтихан» комбинациясы тұр. Балалардың 12,4 пайызы шығармашылық мамандықтарды таңдаған.
Нұрқанат Елтінов 2026 жылы ұлттық бірыңғай тестілеудің форматы өзгеріссіз қалғанын мәлімдеді. Талапкерлер үш міндетті және таңдауы бойынша екі бейіндік пәнді тапсырады. ҰБТ тапсырмаларының жалпы саны 120 сұрақтан тұрады. Оның ішінде «Қазақстан тарихы» пәні бойынша 20 тапсырма, «Оқу сауаттылығы» мен «Математикалық сауаттылық» пәндерінен 10 тапсырма, сондай-ақ екі бейіндік пәннің әрқайсысынан 40 тапсырмадан беріледі. ҰБТ-дағы ең жоғары ұпай – 140 балл. Тестілеу уақыты – 4 сағат (240 минут). Бұл ретте, ерекше білім беру қажеттіліктері бар балалар үшін ұсынылатын қосымша 40 минут уақыт сақталады.
– Емтихан кезінде тестілеу бағдарламасында калькулятор, химиялық элементтердің периодтық жүйесі және тұздардың ерігіштік кестесі қолжетімді болады. Сонымен қатар, талапкерлерге ыңғайлы болу үшін кестелердің қағаз нұсқалары да беріледі. Тест тапсырушылар тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляцияға өтініш бере алады. Мұндай жағдайда өтініш берген талапкерлердің сертификаты апелляциялық комиссияның шешімінен кейін ғана жеке кабинетінде қолжетімді болады, - деді маман.
Айтуынша, төменгі шекті ұпай да өзгеріссіз қалған. Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін 65 ұпай, басқа жоғары оқу орындарына 50 ұпайдан жоғары жинау керек. Ал педагогика және құқық саласы мамандықтары бойынша 75 балл, денсаулық сақтау жүйесі мамандықтарын оқу үшін ұпай саны 70 ұпайдан төмен болмауы тиіс.
Айта кетелік, 2027 жылдан бастап грант конкурсына қатысу үшін ҰБТ бір рет қана өтеді. Сонымен қатар, ақылы негізде оқуға түсу үшін тестілеуден өту мүмкіндігі сақталады. Талапкерлерге ҰБТ-ның байқау сынақтарына қолжетімділік қамтамасыз етіледі. Егер мерзімдеріне қатысты қандайда бір өзгерістер болып жатса, келесі оқу жылының басында талапкерлерге ақпарат беретін боламыз.