Павлодарлық музыкант ресейлік бағдарламада өнер көрсетті (ВИДЕО)

Павлодарлық музыкант ресейлік бағдарламада өнер көрсетті (ВИДЕО)

42 жастағы Май ауданының тумасы эфирде Юрий Шатуновтың әнімен көрермендерді тәнті етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz  тілшісі.

Андрей Малахов жүргізетін «Песня от всей души» атты бағдарламаның бірінде Ерболат Байдауыров қонақ болып келді.  Ол 11 жасынан бастап ән айтады. Қазіргі таңда музыкант, той жүргізеді. Әлеуметтік желіде өзінің ән айтқан видеоларын салып жүргенін жасырмайды.  

– Мен ән салған видеоларымды тик-ток, инстаграм, однаклассники әлеуметтік желілерге түсіріп, саламын, – дейді Ерболат Байдауыров. – Бала кезінен бастап Юрий Шатуновтың әндерін сүйіп тыңдаймын. Оның барлық әндерін жатқа білемін деп айта аламын.

 

Оның айтуынша, Однаклассники әлеуметтік желісінде Юрий Шатуновтың «Вечер холодной зимы»  деген әні қатты таралып кеткен. Ән салған видео бағдарламаның редакторларына дейін жеткен. Осылайша Ерболат Байдауыров «Песня от всей души» деген бағдарламаға шақырту алған.  

– Эмоцияны сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Мұндай түсірілімге алғаш рет қатыстым. Бірақ қобалжыған жоқпын, керісінше байсалдылық танытуға тырыстым, – дейді Ерболат Байдауыров. – Шатуновтың менің орындауымдағы «Вечер холодной зимы» әні редакцияға қатты ұнағандықтан, эфирде сол өлеңді айттым.

Ол Мәскеуге келген бойда Юрий Шатуновтың қабіріне барып, гүл шоғын қойды.  

Ерболат Байдауыров  арнайы музыкалық білім алмаған.  Он бір ағайындының ішінде  жалғыз өзі ғана ән  салады. Айта кетерлігі, әнші – үшемнің сыңары. 

Айта кетейік, «Песня от всей души» бағдарламасында дөңгелек үстелдің басында әртүрлі талантты қонақтар шақырылып, халық әндер мен танымал болған хиттер шырқалады.