Железин ауданында Абайдың 180 жылдығына орай естелік монеталар жасалды

Железин ауданында Абайдың 180 жылдығына орай естелік монеталар жасалды
Фото: Железин ауданының ішкі саясат бөлімі

Тиындардың бетіне 14 жасар қыздың салған суреті бастырылды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Железин ауданында 2024 жылдың қараша айынан желтоқсанға дейін қазақтың ұлы ақыны, философы және ағартушысы Абай Құнанбаевтың 180 жылдығына арналған суреттер байқауы жарияланған болатын. Байқаудың бастамашысы жергілікті этнограф және қолөнерші Нұрлан Мұхамеджанов болды. Ол Железин балалар өнер мектебі мен «Айбат» жастар бастамаларын дамыту орталығымен бірге іс-шараны өткізді. Шығармашылық сайысқа аудан мектептерінің дарынды оқушылары қатысты.

– Байқаудың бірегейлігі – жеңімпаздың суреті бойынша мерейтойлық монетаның эскизі жасалды, ал оны сатудан түскен қаражат қатысушылар мен лотереяларға арналған сыйлықтарға бағытталды, – деді Железин ауданының ішкі саясат бөлімінде. 

Салтанатты марапаттау «Шабыт» шығармашылық және жастар орталығында өтті. 

Железин балалар өнер мектебінің тәрбиеленушілері мен педагогтары қонақтарға жарқын мерекелік концерт дайындады. Байқау нәтижелері бойынша үшінші орынды № 1 Железин жалпы орта білім беретін мектебінің оқушысы Антонина Коломникова алса, екінші орынды М.Дулатов атындағы мектебінің оқушысы Алдияр Иманұлы иеленді, ал бірінші орынды Жаңа жұлдыз ауылының жалпы орта білім беру мектебінің оқушысы Раджымбек Сұлтанәлі алды. 

Гран при Екішоқ негізгі жалпы білім беру мектебінің оқушысы Назерке Серікбаеваға бұйырды. 14 жастағы қыздың эскизі бойынша мерейтойлық монеталар жасалды. Қолөнерші Нұрлан Мұхамеджанов тиындарды жезден жасап, жүлдегерлерге естелік ретінде табыстады. Қалған монеталар лотереяда сатылды. Сондай-ақ, бірнеше данасы аудандық музей мен кітапханаға тапсырылды.