Әлішер Сүлейменов: «Мен шахматтан Қазақстан чемпионы болуға міндеттімін»
Шахматшы «Pavlodar-OPEN 2023» Халықаралық турнирінде тоғызыншы орынды иеленді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Облыс орталығында 20-дан астам ел қатысқан шахмат турнирінің жеңімпаздары белгілі болды. Секциялар арасында Үндістан елінен келген гроссмейстер Миттал Адидья үздік атанды. Турнирлік кестенің алтыншы орнын павлодарлық шахматшы Денис Махнев алды.
– Бірінші орын тек біреу. Бір жылдың ішінде үш әлем чемпионаты мен бес халықаралық турнир өткізу деген керемет. Шахматшыларымыз одан әрі даму үстінде деген сөз, – деді Қазақстан шахмат федерациясының вице-президенті Александр Бабенко.
Турнирге жақында ғана шахматтан әлем чемпионы атанған павлодарлық Әлішер Сүлейменов те қатысты. Турнирлік кестеде ол тоғызыншы болды.
– Өз Отанымда ойнағаныма қуаныштымын. Ең басында жақсы формада болмағандықтан, осындай нәтиже көрсеттім. Кейбір партияларда маған сәттілік көмектесті, – дейді гроссмейстер.
Оның турнирдің үздігі – ресейлік шахматшы Антон Демченкомен ойыны тең аяқталды.
– Партия өте қиынға соқты. Төрт сағатқа дейін созылды. Ойын тақтасында тек патшалар қалған еді, – дейді Әлішер Сүлейменов.
Шахматшының сөзінше, жыл соңына дейін оның барлық уақыты жоспарланып қойылған.
– Қараша айының ортасында Челябинск қаласында өтетін жылдам шахмат турниріне қатысуды жоспарлап отырмын. Қазақстан чемпионатының финалы желтоқсан айының ортасында болады. Мен ол жерде турнирдің үздігі болуға ниеттеніп отырмын. Сондықтан да жеңіске жетіп, ел чемпионы атануға міндеттімін, – деді гроссмейстер.
Еске сала кетейік, 21-31 қазан аралығында Павлодар қаласында шахмат бойынша «Pavlodar-OPEN 2023» Халықаралық турниріне бес конитент елдерінің 230 шахматшысы бас қосқан болатын.