Әр ауылға – дәрігер: Павлодар облысында денсаулық сақтау нысандары көбейеді

Өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде сегіз мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етуде, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Павлодар облысы әкімінің орынбасары Айгүл Мәлікованың айтуынша, бүгінде аймақта 658 мыңнан астам адам немесе халықтың 85,6 пайызы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырумен қамтылған. Бұл дегеніміз – тұрғындардың басым көпшілігі толық көлемде медициналық қызмет алуға мүмкіндікке ие.
– Ұлттық «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» пилоттық жобасы аясында 2024-2025 жылдары ауылдық елді мекендерде жалпы құны 4,8 миллиард теңгеге 30 медициналық нысанның құрылысы жүргізілуде. 2024 жылдың қорытындысы бойынша 24 медициналық пункттің құрылысы аяқталды. Алты нысанның құрылысы 2025 жылы, яғни биылғы жылдың соңына дейін бұл нысандар да толық іске қосылады. Барлық медициналық нысан кадрлармен толық қамтылған, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Оның сөзінше, өңірде профилактикалық бағытты дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Биыл 400-ден астам «Денсаулық аралдары» атты кездесу мен акция өткізілген. Оған ондаған мың тұрғын қатысты. Дәрігерлер адамдар көп жиналатын орындарға, кәсіпорындарға, ауылдық округтерге барып, экспресс-тексерулер жүргізуде. Қан қысымын, қант деңгейін өлшеп, мамандардың кеңесін беруде.
Сонымен қатар, ол денсаулық сақтау саласын цифрландыру қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.
– Биыл облыста 1,2 миллионнан астам медициналық қызмет көрсетілді. Оның әр он екіншісі қашықтан орындалды. Бұл – мобильді қосымшалар арқылы берілетін онлайн-кеңестер, электронды анықтамалар мен пациентті қабылдау туралы растамалар. Мұның бәрі медициналық көмектің қолжетімділігін және ашықтығын арттырады, – деді ол.
Кадр мәселесіне де тоқталған Айгүл Мәлікова бүгінде өңірдің денсаулық сақтау жүйесінде 8 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етіп жатқанын айтты. Дегенмен, әсіресе ауылдық елді мекендерде дәрігер тапшылығы сақталуда. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімінің гранттары есебінен студенттерді оқытуға жағдай жасалуда, «Дипломмен – ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда. Тек биылдың өзінде 102 жас маман келуі жоспарланып отыр. 2026 жылға қарай олардың саны 110-нан асады деп күтілуде. Жас мамандарға әлеуметтік қолдау шаралары қарастырылған: көтерме жәрдемақы, тұрғын үйге жеңілдетілген несие, мемлекет есебінен біліктілікті арттыру мүмкіндігі.