Су тасқынынан зардап шеккен қостанайлық балалар Баянауылда демалады
Олар «Жас дәурен» облыстық оқу – сауықтыру орталығына келеді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық білім басқармасының мәлімдеуінше, су тасқынына байланысты ҚР Білім министрлігі 10 сәуір мен 30 сәуір аралығында Баянауыл ауданында орналасқан «Жас дәурен» облыстық оқу – сауықтыру орталығына Қостанай облысынан 51 бала мен үш ілесіп жүретін педагогтың оқу процесін ұйымдастыра отырып, демалу және сауықтыру үшін бөліністі бекітті.
- Қостанай облысының балалары Екібастұз қаласына бүгін, яғни 9 сәуірде келеді. Бұдан әрі олар Баянауылдағы «Жас дәурен» оталығына жеткізіледі. Сондай-ақ, Павлодар облысындағы су тасқыны салдарынан үйлері зардап шеккен отбасылардың балалары үшін де оқу процесі ұйымдастырылып, демалыспен қамтылатын болады, - делінген хабарламада.
Балалар демалыс орталығында 20 күн болады. Онда келушілерге Баянауыл ауданының табиғи және киелі жерлері бойынша мәдени – танымдық бағдарламасы ұсынылады.