Құқық бұзушылық жоқ: Павлодар ауданында әкелер форумы өтті
Кездесуге арнайы шақырылған жеті спикер қатысты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Жаңа қала негізгі жалпы білім беру мектебінде дәстүрге айналған аудандық әкелер форумына ауданның 25 мектебінен әр салада қызмет атқаратын, шаңырақтың негізгі тірегі болып табылатын әкелер, әкелер қауымының төрағалары мен мүшелері және әртүрлі қоғам өкілдері шақырылды.
– Жаңа қала білім беру мектебінде «Бәйтерек» атты әкелер мектебі үш жылдам астам уақыт жұмыс істеп келеді. Бұл әкелер мектебінің негізгі мақсаты – отбасылық құндылықтарды сақтау, әкелердің бала тәрбиелеудегі жауапкершілігін арттыру және әке тәрбиесі мен мектеп тәрбиесінің ынтымақтастығын арттыра отырып, бірлесіп жұмыс істеу. Бұл жұмыстың нәтижесі өте зор деп айтар едім, себебі, мектебімізде бірде-бір құқық бұзушылық, теріс әрекетті қылықтар орын алған жоқ, – дейді мектеп директоры Көлтай Калелхан.
Іс-шара барысында Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, ақын, Halyq Radiosy-ның бас редакторы Асыл Әбішев «Ұлттық тәрбие: қарапайымнан күрделіге, көрнекіліктен шынайылыққа» тақырыбында баяндама жасап, әкелермен бірге өткір мәселелерді талқылады.
– Қазіргі уақытта бала тәрбиесінде маңыз беріп, ретке келтірер тұстар өте көп. Жас жеткіншектердің рухани құндылықтарға деген ықыласын арттыру, бос уақытты пайдалы өткізуіне жол сілтеу, бейәдеп істерден аулақ ету бойынша кезек күттірмейтін қадамдар жасалуы керек. Аудандағы әр мектептен арнайы келген өкілдер қызығушылықпен назар аударып, талқыланған тақырыптар мен мәселелерге өздері де белсенділікпен араласып кеткеніне риза болдым. Бала тәрбиесі – қоғамның тәрбиесі, сондықтан мұндай аса күрделі мәселеге қатысты жауапкершілік – бәріміздің міндетіміз, – деді Асыл Әбішев.
Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Зауреш Қалиева балалар тәрбиесі үшін жалпы қоғам болып бірлесіп жұмыс жасау керектігін атап өтті. Сондай-ақ, «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Бақытжамал Максилова, «Сенімен болашақ» республикалық ата-аналар қоғамдық бірлестігі облыстық филиалының басшысы Хызыр Жанарыс және басқалары түрлі тәрбие бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, өз ойларын ортаға салды.
Отбасы және бала тәрбесі жөнінде ұйымдастырылған форумға қатысқан әкелер қауымы мұндай форумның маңызды екендігін атап өтіп, бала тәрбиесі бағытында бірлесіп жұмыс атқарылатынан жеткізді.