Қардың құрсауында: Павлодар ауданында полицейлер нәрестенің үсіп қалуына жол бермеді
Лимузинмен перзентханадан шыққан жанұя ауылға жол тартқан бойда аязда тұрып қалған, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, патрульдеу кезінде Кемеңгер ауылының учаскелік инспекторы Қанат Әбілдинов қар құрсауында қалған лимузинді көріп қалған.
Жүргізуші жаңа туған нәрестені анасымен бірге перзентханадан алып келе жатқанын, бірақ қарға кептеліп қалғанын түсіндірді.
Учаскелік инспектор көлікті арқан арқылы қардан шығарып алып, үйіне дейін апарды.
Айта кету керек, нәресте мен оның анасына ешқандай зақым келмеген, олар аман-есен үйіне жеткізілді.