Қасым-Жомарт Тоқаев: Қазақстанда ғылым мен ЖИ дамуына басымдық беріледі
Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ғылыми қоғамдастық өкілдерімен кездесті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Президент өз сөзінде қазіргі таңда мемлекеттер арасында технологиялық көшбасшылық үшін бәсеке күшейгенін атап өтті.
– Біз еліміз өсіп-өркендесін десек, ең алдымен, цифрландыру мен жасанды интеллектінің дамуына баса мән беруіміз керек. Бұл – менің Президент ретіндегі ең маңызды мақсатымның бірі. Жалпы, соңғы уақытта бұл салада ауқымды шаруа атқарылды, әлі де көп жұмыс істеуіміз керек. Кейінгі бес жылда ғылым саласына салынған инвестиция көлемі алты еседен асты. Елімізде зерттеу университеттері көбеюде, олардың нақты өндіріспен байланысы нығайып жатыр. Үкіметтің мәліметі бойынша, қазір 200-ден аса коммерциялық жоба қолға алынды. Осылайша, «Университет – зерттеу – инновация – коммерция» экожүйесі біртіндеп пайда болып жатыр. Ғылым қалашықтары салынып, технология парктері және инжиниринг орталықтарының құрылысы басталды. Бір сөзбен айтқанда, ғылым саласында көп жыл бойы болмаған оң үрдістер байқалып жатыр. Бұл өте маңызды жұмысқа сіздер де белсене атсалысып жүрсіздер. Баршаңызға шынайы ризашылығымды білдіремін, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жаңа Конституцияға сәйкес ғылым саласы бұдан әрі де қарқынды дамитынын атап өтті. Оның айтуынша, ғылымды дамыту енді мемлекеттік саясаттың негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі ретінде айқындалған.
– Қазақстанда 420-дан астам ғылыми-зерттеу ұйымы бар. Онда 27 мыңнан аса ғалым мен ғылыми қызметкер еңбек етіп жүр. Бұл – өте үлкен академиялық корпус. Әсіресе, ғылыми ортаның жасарып келе жатқаны қуантады. Отандық ғалымдардың жартысына жуығы 40 жасқа толмаған. Ұрпақтар сабақтастығы көз ілеспес жылдамдықпен дамып жатқан әлемде ғылымның заман талабына сай болуына мүмкіндік береді. Мемлекет басшысы ғылымды дамыту үшін қажетті инфрақұрылым мен адами әлеует бар екенін атап өтіп, бұл бағыттағы жұмысты күшейту қажет екенін жеткізді.
Оның айтуынша, Үкімет пен ғылыми қоғамдастық алдында тиімді ғылыми орта қалыптастыру, инновацияны дамыту және ғылымды өндіріспен ұштастыру міндеті тұр.