«Қайрат» жеңілмейтін «Интерге» қарсы шығады
«Интер» қақпасына бірде-бір гол жібермей, топта көш бастап тұр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
6 қараша, Астана уақытымен 1:00-де аты аңызға айналған «Сан-Сиро» стадионында УЕФА Чемпиондар Лигасы топтық кезеңінің 4-туры өтеді. Қазақстан чемпионы «Қайрат» тарихта алғаш рет италиялық гранд «Интермен» кездеседі.
«Қайрат» үшін бұл Чемпиондар Лигасының негізгі кезеңіндегі төртінші ойын және еуропалық турнирлерде Қазақстан мен Италия клубтарының алғашқы ресми кездесуі.
Кристиан Киву басқаратын «Интер» турнирді сенімді бастады. Үш турдан кейін команда 9 ұпай жинап, қақпасына бірде-бір гол жібермеді. «Нерадзурри» турнир кестесінде көш бастап тұр.
Негізгі кезеңнің дебютанты «Қайрат» кипрлік «Пафоспен» 0:0 есебімен тең түсіп, 1 ұпай еншіледі және кестенің төменгі бөлігінде орналасқан. Бұл ұпай қазақстандық футбол үшін Чемпиондар Лигасының топтық кезеңіндегі тұңғыш ұпай болды. Алматылықтардың басты міндеті – осы маусымда «Интердің» швейцариялық қақпашысы Янн Зоммердің қақпасына гол соққан алғашқы команда атану.
«Интер» үшін бұл ойын топтағы көшбасшылығын нығайтуға мүмкіндік, ал «Қайрат» үшін әлемдегі ең ұлы футбол ареналарының бірінде мінез көрсетуге зор мүмкіндік.
Матчты Qazaqstan телеарнасынан және «Кинопоиск» онлайн-сервисінен көруге болады.