Қайтарылған активтер есебінен өңірлерде 500-ден астам жоба жүзеге асырылуда
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қайтарылған активтер халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларды жүзеге асыруға жұмсалуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz primeminister.kz сілтеме жасап.
Бүгінде Қазақстанға ақшалай нысанда 1,1 ттриллион теңгеден астам актив қайтарылды. Арнаулы мемлекеттік қор арқылы еліміздің барлық өңірінде жалпы құны 617,7 миллиард теңгеден асатын 500-ден астам жобаны қаржыландыру мақұлданды.
Қаражаттың негізгі бөлігі халыққа қажетті инфрақұрылымды дамытуға бағытталған. Атап айтқанда, сумен жабдықтау саласында 267 жобаға 226,5 миллиард теңге бөлінді. Бұл ауылдар мен қалалардағы тұрғындарды сапалы ауыз сумен қамтуға мүмкіндік береді.
Денсаулық сақтау саласында жалпы құны 176,8 миллиард теңге болатын 191 жоба мақұлданған. Қаражат есебінен медициналық пункттер, дәрігерлік амбулаториялар, емханалар мен ауруханалар салынып, жаңғыртылуда. Бұл әсіресе ауыл тұрғындары үшін медициналық көмектің қолжетімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Қайтарылған активтер көлік инфрақұрылымын, спорт пен білім беру нысандарын дамытуға да бағытталуда. Көлік саласындағы сегіз жобаға 43 миллиард теңге, ал спорттық инфрақұрылымды дамытуға 67,5 миллиард теңге бөлу мақұлданды. Білім беру саласында жалпы құны 64,4 миллиард теңгені құрайтын 17 жоба жүзеге асырылуда.
Сонымен қатар өңірлерде энергетикалық және инженерлік инфрақұрылымды дамыту, жаңа өндірістерді қажетті желілермен қамтамасыз ету бойынша жобалар іске асырылып жатыр.
Осылайша, қайтарылған активтер елдің әлеуметтік және экономикалық дамуына бағытталып, халыққа тікелей қажетті нысандарды салуға және жаңғыртуға жұмсалуда. Бұл қаражаттың нақты жобаларға бағытталуы өңірлердің инфрақұрылымын жақсартып, азаматтардың өмір сүру сапасын арттыруға мүмкіндік береді.
Мақаланы толық мына сілтеме арқылы оқи аласыз.