«Қазақша ән салайық»: Павлодарлықтар қазақ тілін жаңаша үйренеді
Жобаға қатысу үшін орындар шектеулі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Павлодар қаласы мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі мемлекеттік тілді насихаттау және оны тұрғындар арасында кеңінен қолдану мақсатында «Қазақша ән салайық» атты жаңа жобаны ұйымдастырады.
– Бұл қазақ тілін меңгерген азаматтарды ынталандыру, мемлекеттік тілді үйренуге деген қызығушылығын арттыру, қазақ әндері арқылы ұлттық өнерді дәріптеу мақсатында өтетін шара. Қазақ тілін үйреніп жатқан жандар халық және заманауи әндерді жанды дауыста орындау арқылы өз дағдыларын нығайта алады, – делінген хабарламада.
Жобаға 16 жастан асқан кез келген азамат қатыса алады. Өтінімдер 7 қарашаға дейін otdkultpvl@yandex.kz электронды поштасы арқылы қабылданады. Қосымша ақпаратты 65-23-63, 8(701) 526-93-21 нөмірлері арқылы білуге болады.