Қазақстанға шетелден қанша телефон әкелуге болады?

Қазақстанға шетелден қанша телефон әкелуге болады?
Фото: pexels.com / Jake Ryan

Мемлекеттік кірістер комитеті жеке пайдалануға арналған тауарларды әкелу талаптарын түсіндірді, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

ҚР Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Еуразиялық экономикалық одақтың кедендік шекарасы арқылы тауар өткізгенде олардың саны, сипаты және әкелу жиілігі ескеріледі.

Қолданыстағы ережелер бойынша бір адамға жеке пайдалануға арналған тауарлардың мынадай мөлшері белгіленген:

  • Ұялы телефон – 2 дана;
  • Планшет – 2 дана;
  • Ноутбук немесе нетбук – 1 дана;
  • Зергерлік бұйымдар – 5 дана;
  • Велосипед – 1 дана;
  • Балалар арбасы – 1 дана.

Сонымен қатар тауарларды жеке пайдалануға арналған деп тану үшін оларды кедендік шекара арқылы айына бір реттен жиі өткізбеу талабы қарастырылған.

– Жеке тұлғаның тауарды әкелу фактісі оның жеке пайдалануға арналғанын автоматты түрде растамайды. Тауардың сипаты, саны, өткізу жиілігі және басқа да мән-жайлар ескеріледі, – деп түсіндірді комитет.

Бұл сандық өлшемдер бұрын пайдаланылған заттарға қолданылмайды. Алайда жеке пайдалануға арналған көлік құралдарына бөлек талап қойылады. Жылына бір данадан артық әкелінген көліктер кәсіпкерлік мақсаттағы тауар ретінде қарастырылады.

Белгіленген мөлшерден асып кеткен немесе әкелу жиілігі сақталмаған жағдайда тауар коммерциялық мақсаттағы өнім ретінде танылуы мүмкін. Мұндай кезде кедендік декларациялау және тиісті төлемдерді төлеу талап етіледі.

Ведомство аталған сандық өлшемдер тауарды жеке пайдалануға арналған деп тану үшін қолданылатынын ескертеді. Ал кедендік баждар мен салықтарды төлемей әкелудің құндық және салмақтық нормалары бөлек белгіленген.