Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Еңбек күнімен құттықтады
Фото: Ақорда

Еңбек пен еңбекқорлық – ұлттық идеологияның негізгі тіректерінің бірі болып отыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Мемлекет басшысы бұл мерекенің ел үшін ерекше маңызға ие екенін атап өтті. Оның айтуынша, еңбек пен еңбекқорлық ұлттық идеологиямыздың басты құндылықтарының біріне айналған.

– Жұмысшы мамандықтары жылында біз адал әрі қажырлы еңбегімен еліміздің өсіп-өркендеуіне үлес қосып жатқан сан алуан кәсіп иелері мен түрлі буын өкілдеріне және еліміздегі барша еңбеккер қауымға сый-құрмет көрсетеміз, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаев елдің дамуына аянбай үлес қосып жүрген еңбек адамдарына ризашылығын білдірді. Ол кәсіби шеберлігін шыңдап, өндірісте жоғары нәтижеге қол жеткізуге ұмтылатын, әр істе алғырлық пен жаңашылдық танытатын отандастарды үлгі ретінде көрсетті.

Президенттің айтуынша, қоғамда адал еңбекті дәріптеу және өскелең ұрпақты еңбекқор етіп тәрбиелеу Қуатты әрі Әділетті Қазақстанның мызғымас негізін қалауға мүмкіндік береді.

– Жауапкершілігі жоғары, ниеті таза, отаншыл азаматтарымыздың арқасында біз дамыған және өркениетті ел болу міндетін абыроймен орындаймыз деп сенемін, – деді Мемлекет басшысы.

Адал еңбекті дәріптеудің маңызын атап өткен Президент барша қазақстандықтарға зор денсаулық, бақ-береке және толағай табыс тіледі.