Қазақстанда Абайдың ең толық жинағы Павлодар музейінде сақтаулы

Қазақстанда Абайдың ең толық жинағы Павлодар музейінде сақтаулы
Фото: музей мұрағатынан

Сирек басылым екі жыл бұрын «Алаш қайраткерлерінің ізімен» экспедициясы барысында Ертіс ауданынан табылған,деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.

Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында Абай Құнанбайұлының 1909 жылы Санкт-Петербургте жарық көрген тұңғыш өлеңдер жинағы сақтаулы.

Құнды жәдігерді музей қызметкерлеріне Ертіс ауданының тумасы, ардагер ұстаз Нұрболат Әутәліпов өзінің жеке кітапханасынан алып берген. Оның айтуынша, бұл туындыны сатып алуға ниет білдіргендер көп болған. Алайда ол оны сатпай, халық игілігіне беруді жөн көріп, музей қорына тапсырған.

Музейдің бас қор сақтаушысы Абзал Рымбектің айтуынша, еңбектің түпнұсқалығын титулдық бетіндегі деректерден анықтауға болады.

Титулдық бетінде «Қазақтың бас ақыны Ибраһим Құнанбаевтың өлеңдері» деген жазу бар. Жинақ Әлихан Бөкейханның бастамасымен, Кәкітай Ысқақұлы мен Тұрағұл Абайұлының құрастыруымен Санкт-Петербургтегі Ілияс Бораганский баспаханасында 1909 жылы мың дана болып жарық көрген. Ол арабтың қадим жазуымен басылған, – дейді Абзал Рымбек.

Жинаққа Абайдың 145 өлеңі, екі поэмасы және 41 аудармасы енген. Сонымен қатар, онда ақынның фотосуреті мен өмірбаяны жарияланған. Өмірбаянның авторы – Кәкітай Ысқақұлы.

Табылған кезде жәдігердің жағдайы нашар болған. 2024 жылы оған толық реставрация жүргізіліп, сыртқы мұқабасы қалпына келтірілді. Ал ішкі беттері бастапқы қалпында сақталды.

Бүгінде Қазақстанда осы еңбектің небәрі бес данасы белгілі. Солардың ішінде ең толық әрі жақсы сақталған нұсқасы Павлодардағы Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің қорында тұр.

Айта кетелік, кітап сирек қор құндылығы болғандықтан, ол тұрақты экспозицияға қойылмайды. Басылым арнайы қорда сақталып, келушілерге тек тақырыптық көрмелер кезінде ғана ұсынылады.