Қазақстанда бір апта ішінде картоп, пияз және қырыққабат бағасы төмендеді

Қазақстанда бір апта ішінде картоп, пияз және қырыққабат бағасы төмендеді
Константин Шелковтың иллюстрациялық суреті

Елімізде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының төмендеуі жалғасуда, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросына сілтеме жасап. 

2026 жылғы 9 қыркүйектегі жағдай бойынша есепті аптада Қазақстанда бірқатар әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы төмендегені байқалды.

Апта ішінде картоптың (-6,9%), пияздың (-5,9%), ақ қырыққабаттың (-5,1%), сәбіздің (-4,5%), алманың (-0,8%), нанның (-0,4%) және ірімшіктің (-0,3%) бағасы төмендеді.

Есепті аптада бірінші сұрыпты бидай ұны, макарон өнімдері, сүт және сүзбе бағасы өзгеріссіз қалды.

Өңірлік бөліністе елдің бірқатар қалаларында дефляциялық динамика байқалды. Бір апта ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағаларының жалпы деңгейі Астана, Атырау, Жезқазған, Қызылорда, Өскемен, Семей және Түркістан қалаларында 0,1 пайызға төмендеді. Алматы, Ақтөбе, Қарағанды, Қостанай және Тараз қалаларында бағалар алдыңғы апта деңгейінде сақталды.

Республика бойынша пияздың орташа бағасы бір килограмына 156 теңгені құрады. Бұл ретте ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір килограмына 123 теңге.

Ел бойынша сәбіздің орташа бағасы бір килограмына 227 теңгені құрады. Ең төмен баға Павлодар қаласында тіркелді – бір килограмына 146 теңге.

Республика бойынша картоптың орташа бағасы бір килограмына 217 теңгені құрады. Ең қолжетімді бағалар Павлодар қаласында – 152 теңге және Қостанай қаласында 184 теңге деңгейінде тіркелді.

Республика бойынша қызанақтың орташа бағасы бір килограмына 586 теңгені құрады. Ең төмен баға Тараз қаласында тіркелді – бір килограмына 347 теңге.

Ет өнімдерінің ішінде республика бойынша сүйекті сиыр етінің орташа бағасы бір килограмына 3 819 теңгені, тауық етінің бағасы 1 747 теңгені құрады. 

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағалары индексінің көрсеткіші апта сайын есептеледі. Бағаларды бақылау барлық облыс орталықтарында, республикалық маңызы бар қалаларда және астанада жүргізіледі. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының динамикадағы өзгерістерін Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының сайтынан және «Талдау» ақпараттық-талдау жүйесінен көруге болады.

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тізбесі Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің 2025 жылғы 23 желтоқсандағы №362-НҚ бұйрығымен бекітілген және 31 атаудағы азық-түлік өнімдерін қамтиды.