Қазақстанда балаларға қатысты қылмыстар азайып келеді

Бұл туралы ҚР Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Закиева Instagram парақшасында мәлім етті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
Ол екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жолдауында берілген балаларға қатысты зорлық-зомбылықтың барлық түрі үшін жазаны қатайту жөніндегі тапсырмасының орындалуы туралы айтып, оң нәтижелерді атап өтті.
Уәкілдің хабарлауынша, бұл кезеңде балалардың қауіпсіздігін, әсіресе зорлық-зомбылықтан қорғау және алдын алу саласында кешенді жүйе құруға бағытталған қажетті заңдар, бағдарламалар мен қаулылар қабылданды.
– Әкімдіктер құрылымында бала құқықтарын қорғау басқармалары, отбасын қолдау орталықтары, мобильді топтар құрылуда. Қамқоршылық органдары қызметкерлерінің саны арттырылуда. Мемлекеттік байланыс орталығы ашылды, ал мектептерде балалармен тікелей байланыс орнату үшін «QR 111» жүйесі енгізілді, – деп жазды Динара Закиева әлеуметтік желіде.
Уәкіл бүгінгі басты міндет – қабылданған барлық шараларды сапалы жүзеге асыру екенін айтты. Осыған байланысты, Мемлекеттік Кеңесші Ерлан Қариннің басшылығымен мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен үлкен бірлескен жұмыс жүріп жатыр.
Уәкілдің сөзінше, өңірлерде шараларды енгізу барысында жүйелі мәселелермен қатар, қысқа мерзім ішінде орын алған көрінетін оң өзгерістер де бар.
– Балаларға қатысты ауыр және аса ауыр қылмыстардың азаюы қабылданған шаралардың тиімділігін көрсетеді. Алайда, әрбір санның артында баланың тағдыры тұр. Біздің мақсатымыз – осындай қылмыстардың мүлдем болмауы үшін бар күш-жігерімізді салып, әрбір бала үшін күресу, – деді Динара Закиева.
Тоғыз айдың қорытындысы бойынша балалардың жыныстық тиіспеушілігіне қарсы қылмыстар Қылмыстық кодекстің бес бабы бойынша 18%-ға азайған, өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы енгізілген педофилия фактілері бойынша қылмыстар 24%-ға қысқарған, «Кісі өлтіру» және «Өлімге әкеп соққан ауыр зиян» баптары бойынша қылмыстар саны сәйкесінше 22% және 50%-ға азайған.
Сонымен қатар, бала құқықтары жөніндегі уәкіл балалар суицидінің алдын алуға ерекше назар аударылып жатқанын жеткізді. Барлық өңірлерде психологиялық қолдау орталықтарының ашылуымен және бірыңғай алдын алу бағдарламасының енгізілуімен жағдай тұрақталып келеді. Алматы облысында соңғы 10 жылда алғаш рет кәмелетке толмағандар арасындағы суицид санының айтарлықтай азайғаны байқалған.
– Алайда, алда әлі де үлкен және тыңғылықты жұмыс тұр. Себептерді тереңірек зерттеу, тәуекелдерді уақытылы диагностикалау, балаларға сапалы сүйемелдеу және психологиялық көмек көрсету маңызды. Балаларға қажеттінің бәрі сіздің махаббатыңыз, қамқорлығыңыз және әрдайым жанында екеніңізді, баланың жалғыз емес екенін, не болса да бала әрқашан отбасының қорғанысы мен қолдауын сезінетінін түсінуі болып табылады, – деп атап өтті Динара Закиева.
Сондай-ақ, уәкіл суицидтердің 60%-ы отбасындағы күрделі қарым-қатынасқа байланысты екенін ескертіп, ата-аналар мен барлық ересектерге үндеу тастады.