Қазақстанда он мың шақырымнан астам жол жөнделді

Қазақстанда он мың шақырымнан астам жол жөнделді
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Жергілікті жолдардың 91%-ы нормативтік жағдайға жетті, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

Қазақстанның көлік саласы 2025 жылы тұрақты өсу қарқынын көрсетіп отыр. Бұл туралы ҚР көлік министрі Нұрлан Сауранбаев Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді. 

Министрдің айтуынша, елдің транзиттік әлеуеті мен логистикалық мүмкіндіктері кеңейіп, көрсетілетін қызметтердің сапасы артқан. Осы оң өзгерістерге қол жеткізу үшін бірқатар ірі инфрақұрылымдық жобалар мен маңызды шаралар жүзеге асырылған.

– Жол инфрақұрылымын дамыту шеңберінде биыл 13 мың шақырым жол жөндеу жұмыстарымен қамтылды. Бұл – рекордтық көрсеткіш. Оның 4 мың шақырымы – облыстық және аудандық жолдар. Жөндеу жұмыстарының нәтижесі бойынша жергілікті жолдардың нормативтік жағдайы 91%-ды құрайды, – деді Нұрлан Сауранбаев.

Сонымен қатар, 2025 жылы «Қалбатау – Майқапшағай», «Ұзынағаш – Отар» және «Қызылорда – Жезқазған» сияқты республикалық маңызы бар жобалардың құрылысы толығымен аяқталады. Орташа жөндеу жұмыстары аясында Жезқазған – Петропавл және Қарағанды – Қарқаралы республикалық жолдарындағы жөндеу жұмыстары да өз мәресіне жетті.