Қазақстанда түсті металлургияда сегіз жаңа жоба іске қосылады

Қазақстанда түсті металлургияда сегіз жаңа жоба іске қосылады
Константин Шелковтың иллюстрациялық фотосуреті

Олардың жалпы құны шамамен 80 миллиард теңгені құрайды, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

«QazIndustry» қазақстандық индустрия және экспорт орталығының мәліметінше, саладағы жобаларды жүзеге асыру нәтижесінде 1,5 мыңнан астам тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Жоспарға сәйкес, катодты мыс, мыс сымы, мыс кабелі, алюминий ұнтағы және легирленбеген алюминийден құйылған шыбықтар өндірісін іске қосу көзделген. Қазіргі таңда Қарағанды облысында катодты мыс өндіретін бір жоба пайдалануға берілді. Оған сегіз миллиард теңге инвестиция тартылып, 512 тұрақты жұмыс орны ашылған.

– Бұдан бөлек, түсті металлургия саласында Доре қорытпасын, алюминий биллеттері мен профильдерін өндіруге бағытталған алты жоба қазіргі уақытта іске асырылу кезеңінде тұр. Аталған жобалардың пайдалануға берілуі 2027-2028 жылдары жоспарланып отыр. Жобаларға тартылған жалпы инвестиция көлемі 532,1 миллиард теңгеден асады. Бұл бастамалар 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді, соның ішінде шамамен 140 жұмыс орны ауылдық елді мекендерде ашылмақ, – делінген хабарламада.

Сонымен қатар, алтын мен күміс, никель штейні, алюминий, вольфрам, қорғасын және мырыш өндіруге бағытталған 34 жоба пысықталу сатысында. Олардың жалпы инвестиция көлемі 6,9 триллион теңгені құрайды. Нәтижесінде шамамен 17,1 мың жұмыс орны құрылуы мүмкін.

Жалпы алғанда, салада жоспарланған 48 жоба аясында 7,5 триллион теңге инвестиция тартылып, 19,4 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтілуде. Оның ішінде 15,7 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі.

Айта кетейік, ірі өндірістік жобаларды Қостанай, Павлодар, Қарағанды және Абай облыстарында іске асыру жоспарланған.