Қазақстанда жыл сайынғы киножобалар конкурсы басталды
Іріктеу жасанды интеллекттің көмегімен өткізіледі, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz тілшісі.
Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сапалы және рухани тәрбиелік мәні бар кино жасау туралы тапсырмасына сәйкес жүзеге асып жатқан жыл сайынғы киножобалар конкурсы басталғанын атап өтті.
– Іріктеудің басым тақырыптары Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының сайтында жарияланды. Биыл туған жер, отбасы, салауатты өмір салты, ұлттық құндылықтар, еңбек, заң, тәртіп, табиғат, ғарыш, туризм сияқты жан-жақты тақырыптар легі ұсынылып отыр.Маңызды жаңалықтардың бірі – іріктеу жасанды интеллекттің көмегімен өткізіледі. Бұл ашықтық пен шешім қабылдаудағы ашықтық пен әділдікті қамтамасыз етуге көмектеседі, – деді Аида Балаева.
Ережеге сәйкес бірінші кезеңде тек сценарийлер мен сценарий жоспарлары қабылданады. Екінші кезеңде құжаттар топтамасының толық сәйкестігі тексеріледі. Ал ашық қорғау мен питчинг кезеңі онлайн көрсетілім арқылы өтеді.
Конкурс нәтижесінде мемлекеттік қолдау тапқан жобалардың 70 пайызы жас режиссерлердің туындылары екені ерекше қуантады.