Қазақстандық әртістердің музыкасы Instagram-ға қайта оралды

Қазақстандық әртістердің музыкасы Instagram-ға қайта оралды
Фото: pixabay.com / kaboompics

Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Зияткерлік меншік құқықтары комитетінің төрайымы Шолпан Әбдіреева айтты, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.

ҚР Әділет министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазақстандық музыкаға қол жеткізудің шектелуі қолданушылар мен авторлар арасында қызу реакция тудырды, өйткені Instagram көптеген адамдар үшін шығармашылық, өзін-өзі көрсету және өз мәдениетін насихаттау алаңына айналған болатын.

– Себебі заң бойынша музыканы пайдалану тек құқық иеленушілердің келісімімен ғана мүмкін. Бірақ қазір Әділет министрлігінің, «КазАК» ҚБ және «Meta» компаниясының күш салуының арқасында бұл мәселе шешілді: қазақстандық тректерді әлеуметтік желілерде пайдалануға ресми рұқсат беретін келісімге қол қойылды, – делінген хабарламада.

Шолпан Әбдірееваның айтуынша, бұл контент көбірек, шығармашылыққа көбірек еркіндік және қазақстандық музыканы әлемде танымал етуге тағы бір қадам деген сөз.