«ҚазАвтоЖол» туристік маусымға дайындықты бастады
«Таза Қазақстан» науқаны аясында республикалық маңызы бар жолдарда жаппай тазалық және абаттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды @Pavlodarnews.kz.
«ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы» АҚ баспасөз қызметінің мәліметінше, бүгінгі таңда жолдардың тазалығы мен реттілігін қамтамасыз етуге «ҚАЖсервис» ЖШС-нің 1,5 мыңға жуық қызметкері мен 1,2 мың арнайы техникасы жұмылдырылған.
Компания өкілдері барлық жол пайдаланушыларды тазалықты сақтауға және жол инфрақұрылымына ұқыпты қарауға шақырады. Тәулік бойы еңбек етіп жатқан қызметкерлердің жұмысын жеңілдету үшін жол жиегіне қоқыс тастамау және арнайы орындарды мақсатымен пайдалану маңызды.
Айта кетерлігі, жол бойындағы барлық нысандарда кері байланыс орнату мүмкіндігі қарастырылған. Әрбір бекетте «1403» байланыс орталығының нөмірі мен WhatsApp чатқа бағыттайтын QR-кодтар орнатылды. Бұл код арқылы кез келген жолаушы нысандағы тазалық деңгейі немесе кемшіліктер туралы жедел хабар бере алады.